Жамбыл облысында дауыл кезінде 11 жастағы баланы ағаш басып қалған
Жамбыл облысында болған дауыл салдарынан 11 жастағы балаға ағаш құлап, зардап шекті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Балаға №47 мектептің жанында ағаш құлап, астында қалды. Оның бел омыртқасы жарақаттанған",-дейді Жамбыл облысы полиция департаменті.
Бірден зардап шеккен оқушы қалалық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, қазір ол ауруханада жатыр. Қажетті медициналық көмек көрсетілді. Баланың жағдайы тұрақты.
Айта кетсек, Жамбыл облысында ауа райы нашарлап, секундына 25 метр жылдамдықпен жел соқты. Болған дауыл қала инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келтірді. Салдарынан 17 қараша түскі сағат бірдегі жағдай бойынша Тараз қаласында 5 көпқабатты тұрғын үйдің 50-200 шаршы метрі зақымданды. Сондай-ақ 12 мектеп, 4 бөбекжай-бақшаның 50-300 шаршы метр шатыры қираған.
Ауа райының күрт құбылуы салдарынан нысандардың жартысынан астамы электр қуатынан ажыратылды. Электр беру желілері, шатырлар, ағаштар құлап, автомобильдер бүлінді.
Қала көшелерінде 45-тен аса үлкенді-кішілі ағаш, 12 аялдама құлады. 32 бағдаршам істен шықты.
"Таразда 34 билборд, 9 баннері мен 64 жалауша жыртылды. Барлық мектептегі оқушылар сағат 10.00-де үйіне қайтарылып, оқу процесі онлайн жүйеге ауыстырылды", - делінген ақпаратта.
Қазір құлаған ағаштарды кесу және аумағын тазалау жұмыстарына 6 бригада тартылды.
Электр жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына 21 бригада жұмылдырылған. Электрді қайта қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Газ желілері зақымдалмаған, қалаға газ тұрақты беріліп тұр, деп мәлімдеді әкімдік.
Жамбыл облысының полиция департаменті жүргізушілерді мүмкіндігінше үйде болуға, жолға шыққан жағдайда өте мұқият және сақ болуға шақырады. Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті штабы құрылып, жедел желі жұмыс істеуде.