Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында 600 оқушы мәдениет үйінде білім алуға мәжбүр

Жамбыл облысы Ақтоған ауылының оқушылары мәдениет үйінде білім алуға мәжбүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Себебі, ауылдағы мектептің құрылысы әлі бітпеген. Қазір мәдениет үйінің ғимаратына 600 бала әрең сыйып отыр. Елдімекен тұрғындары бұл жағдай білім сапасына кері әсер етеді деп алаңдайды. Ал, мектеп басшылығы амалдың жоқтығынан осындай қадамға бардық дейді.

Күрделі жөндеу жұмыстарына 500 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінсе де, құрылыс әлі аяқталмаған. Аудан басшылары 648 оқушыны мәдениет үйіндегі 33 сыныпқа сыйдыра алмай әлек. Мәдениет үйінің үлкен залы мен дәлізінде мұғалімдер шымылдықпен бөліп, бірнеше сынып жасап алған. 

“Мәдениет үйінің дәлізінде үш оқу кабинеті жасақталды. Бір жерде 4 "Ә" сыныбы және 2 "А" сыныбы оқиды. Екі сынып. Біреуі түске дейін, біреуі түстен кейін. Екі ауысымда. Бізге құрылыс материалдар берілді. Білім бөлімі тарапынан. Өзіміздің тарапымыздан қажетінше өзгертіп ыңғайлап жасап жатырмыз”, – дейді №4 Тілеміс батыр орта мектебінің директоры Ілияс Жүнісжанов. 


Директор бақылап отырған: Атырау облысындағы мектептің дәретханасына бейнекамера орнатылғаны анықталды


Ауыл тұрғындары мектептегі құрылыс жұмыстарының кеш басталғанына наразы. Ал мердігер компанияның өкілдері келісімшарт бойынша жоспардан шықпағандарын, керісінше келісілген уақыттан ертерек бітіруге жанталасып жатқандарын айтады.

Ал білім бөлімінің басшысы құрылыстың кеш басталуына мемлекеттік сатып алуға жауапты мамандарды кінәлайды. 

“Білім беру ұйымдарына күрделі жөндеу жұмыстарын уақытында бастау үшін жаңа жылдан, яғни қаңтар айынан мемлекеттік сатып алу процесі басталса дұрыс болар еді. Біз қаңтар айынан бастап біз өтінішімізді береміз. Бірақ әртүрлі себеппен кеш ойнатылды”,  – дейді Меркі аудандық білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбаева. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында жер сілкінісі кезінде қираған мектептің жөндеуі аяқталмай, 2000 оқушының мектепсіз қалғаны туралы жазған едік.

Талқылау