Жамбыл ГРЭС-індегі күзетшінің өлімі: Жас жігіттің ата-анасы ұлдарының "суицид" жасағанына сенбейді
Ақпан айының басында Жамбыл ГРЭС-інде арнайы күзет қызметі басқармасының қызметкері Әлібек Зиилда көз жұмған еді. Полицияның мәліметінше жас жігіт өзіне қол салған. Алайда оның ата-анасы бұл нұсқамен келіспейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
Әлібек – отбасындағы ең кіші ұл, сүйікті перзенттердің бірі болған. Бала кезінен полицияда қызмет етуді армандаған. Ол кезекті кезекшілігіне кетіп, жұмыс орнында өлі күйінде табылған. ГРЭС аумағында нақты не болғаны және не себепті жас жігіт өзіне қол салғаны анықталуда. Бірақ марқұмның туыстары тергеудің объективтілігіне күмәнмен қарайды.
"Әлібек өте мейірімді, жанашыр жан еді. Әріптестеріне үнемі көмектесіп, қосымша кезекшіліктерге шығуға келісе беретін. Көбіне басшылыққа жақын адамдар ғана кезекшіліктен босатылады екен. Не себепті маңызды бекеттерге жас мамандар қойылады? Кенеттен төтенше жағдай болса, олар не істемек?” - дейді Әлібектің анасы Шамшаркүл Ысқақова.
Сонымен қатар марқұмның анасы жұмыс орнында жағдай жасалмағанына, күзет бекеттердің өте нашар күйде екеніне шағымданды. Күзет қызметкерлері 1,5 х 1,5 метрлік тар бөлмелерде жұмыс істейді. Жиһаз ретінде тек үстел, орындық және радиатор бар.
Әлібек кешкі сағат 17:00 шамасында еденде жатқан күйінде табылған. Бірақ ата-анасының айтуынша, полицияға бұл жайында бір жарым сағаттан кейін ғана хабарланған.
-
"Қамқорлық көрсетумен" айналысқан: Алматыда күзет қызметі кәсіпкерлерге қысым көрсетіп қорқытқан
-
Мәйіттерді зорлап, видеоға түсірген: Алматыда күзетшіге қатысты сот басталды
Оқиға орнына келген тергеу-оперативтік топ суицид деген қорытындыға келген. "Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалды.
Алайда ата-анасы суицид нұсқасына сенбейді. Себебі Әлібек жарақатты оң жағынан алған, алайда өзі солақай болатын. Бұл маңызды жайт тергеу барысында ескерілмеген. Тек арнайы Әлібектің қандай қолмен оқ атқанын анықтау үшін АҚҚБ өткізген атыс жаттығуларының бейнематериалдары сұратылған.
Туыстары Әлібектің ауысымдағы әріптесінің де тергеуден тыс қалуына наразы. Олар камера жазбаларына қатысты да мәселе туындағанын айтады. ГРЭС аумағында көптеген бейнебақылау камералары орнатылған, бірақ Әлібек кезекшілік атқарған бекет бақылау аймағына кірмеген. Жазбаларды қарау кезінде тек форма киген адамдардың силуэттері ғана көрінеді, ал жақындатқанда бейне анық емес.
Шамшаркүл Ысқақованың айтуынша, тергеу барысында тек ұлына қатысты жазбалар алынған, бірақ олардың расында да Әлібекке тиесілі екені нақты дәлелденбеген.
“Видеоларда оның түрі анық көрінбейді. Ал тергеу қалған уақыттағы жазбаларды елемей отыр. Бұл істің формалды қаралып жатқанын көрсетеді. Полицияға ыңғайлы "суицид" нұсқасы ғана қарастырылуда, ал қалған деректер назардан тыс қалып отыр. Бейнежазбалар тек кіреберістен алынған, ал бөлме терезесі жағындағы камера жазбасы бар ма, жоқ па – тергеу анықтамаған", – дейді Әлібектің анасы.
Отбасы бұл жағдайды толық баяндап, ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына хат жолдады.
"Оқиға орнын тексеру кезінде фото-видео түсірілім жүргізілді. Суреттерден Әлібектің оң қырымен, еденде майлы радиаторға сүйеніп жатқанын көруге болады. Оның оң жағында күйік іздері бар. Бірнеше қабат киімнің астынан мұндай күйік алу үшін ұзақ уақыт радиаторға сүйеніп жату керек. Осыдан-ақ оның өлім уақытына қатысты сұрақтар туындайды. Егер ол соңғы рет 15:00-де байланысқа шықса, ал оны 17:00-де тапса, бұл екі сағат ішінде мұндай күйік пайда болуы мүмкін емес", – деп жазады марқұмның туыстары министрге жолдаған хатында.
Тағы бір күмән тудыратын жайт – Әлібектің телефонынан SIM картаның жоғалуы. Стратегиялық нысан болғандықтан, смартфонмен кіруге тыйым салынған. Сол күні Әлібек үйде смартфонын қалдырып, қарапайым батырмалы телефонмен барған. Соңғы рет сол телефоннан байланысқа шыққан. Алайда оқиға орнына жеткен тергеу-оперативтік топ телефонын тапқанымен, ішіндегі SIM картаның жоқ екенін анықтады. Оның қалай жоғалғаны белгісіз. Телефон дәлел ретінде алынып, тергеуде.
Прокуратура өкілдері тергеу жүріп жатқанын, қажетті сараптамалардың тағайындалғанын айтты. Министрге жолданған хат ҚР ІІМ Тергеу департаментіне жіберілген. Бұл іспен енді астаналық полиция қызметкерлері айналысуы мүмкін.