"Біздің қазақылығымыз қайда?": Депутат жасанды интеллектке қарсы шықты (видео)
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жасанды интеллектің ұлттық құндылықтарды ұмыттырып, деградацияға ұшырататынын, тіпті өзінің одан қорқатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Анас Баққожаев жасанды интеллектінің адамзатқа зиянын тигізіп жатқанын айтып, кемшіл тұстарын жіпке тізгендей атады.
“Өз басым жасанды интеллектке өте абай қараймын. Шын мәнінде, кейде қорқамын. Себебі мына интеллектуалдық деградацияға апарудың жолы бұл. Адам өзі ойланып жазбаса, композитор музыкасын шығармаса, бұл не заман болып бара жатыр? Сонда біз әлем жасанды интеллект жасады екен деп, соңынан ере береміз бе? Біздің қазақылығымыз қайда, – дейді мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ Анас Баққожаевтың айтуынша, жасанды интеллекті жалқау шенеуніктер де пайдаға асырып жатыр.
“Біздің өзіміздің интеллектуалдық мүмкіндіктерді ашатын жолдар қайда? Өткен жолы бір шенеунік ChatGPT дегенге өзінің материалдарын салып отыр. Сондағы оның мақсаты бастығым тезірек басымнан сипаса екен, берген тапсырманы тезірек орындайын деген. Ол миындағы қатпарларын қозғалтқысы келмейді. Бұл "алма піс, аузыма түс" деген жалқау шенеуніктерге жақсы болды”, – деді сенатор.
Депутат chat GPT-ге салынған материалдарды кейін өзімізге қарсы пайдалану қаупінің барын да жоққа шығармады. Оның сөзінше, Қазақстанның қандай мәселелері барын білген басқа мемлекеттер алдағы уақытта бізді айналып өтіп, 10 қадам алыс жүреді.
Еске салайық, Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң жобасы таныстырылды. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева атап өткендей, құжаттың бір ғана мақсаты бар – Қазақстан экономикасына технологияларды енгізу үшін ашық құқықтық база құру. Айта кетейік, заң жобасы әлі қабылданбады. Тек тиісті комитет отырысында ғана ұсынылды.
Бұған дейін Анас Баққожаев өзінің “көбейгісі келетінін” айтып, үй жануарларын стерильдеу әдісінің тиімділігіне күмәнмен қараған еді.