Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалғыз өзі шыққан": Алматы тауларында бір күн бұрын жоғалып кеткен қыздың мәйіті табылды


Скрин: Instagram skiparkpioneer

Алматы тауларында жоғалған қыздың мәйіті табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марқұм 19 желтоқсан соңғы рет шамамен сағат 16:00-де әпкесімен байланысқа шығып, Букреев шыңынан Pioneer  курортына қарай қайта түсіп келе жатқанын айтқан.

Үстінде тауға арналған аяқ киім, қара түсті қысқы комбинезон, дулыға болған. Ал қолына сноуборд алып жүрген. Туыстарының айтуынша, Тамерис бұл бағытпен бұрын да бірнеше рет жүрген. Pioneer курорты маңындағы бейнебақылау камералары оның таңғы сағат 6:30-да жолға шыққанын тіркеген. Алайда кері қайтып келген сәті жазбалардан көрінбеген. 

Ал 20 желтоқсан Алматыдағы Pioneer тау-шаңғы курорты  Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында қайғылы жағдайды хабарлады.

“Бүгін құтқару қызметі Букреев шыңы маңында бір күн бұрын жоғалып кеткен қыздың мәйітін тапты. Түпкілікті сәйкестендіру қажет сараптамалар аяқталған соң жүргізіледі”, – делінген жазбада. 

Олар оқиғаның курорт сыртында, трассадан тыс жерде және демалыс орнының жауапкершілігіне кірмейтін аймақта болғанын нақтылады.

“Қыз тауға жалғыз, ешкімнің қарауынсыз және құтқару қызметтеріне тіркелмей шығып кеткен. Қайтыс болған адамның отбасы мен достарына шын жүректен көңіл айтамыз. Барлығын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, белгіленген аумақтарда болуға және тауға жалғыз шықпауға шақырамыз”, – делінген курорт хабарламасында.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 20 Желтоқсан, 2025 13:43