"Жалған психологтар мен "коучтар" көбейіп кетті": Президент қайырымдылыққа деп ақша жинап, жеке басының пайдасына жарататындарға ескерту жасады
Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі уақытта елімізде алаяқтық әрекеттер жиілеп, теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап жүргеніне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: nadpo.ru
"Құрылтай мүшелері тағы бір жайтқа алаңдаушылық білдіріп отыр. Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сондай-ақ көп адам интернет алаяқтардан зардап шегіп жатыр", – деп мәлімдеді құрылтайда мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев қазір жұртқа ақыл айтып, ақша табатын жалған психологтар мен "коучтар" көбейіп кеткеніне сын тақты.
"Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл мәселені Құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек дұрыс көтеріп отыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс", – деді президент.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаттары псевдомамандар тұтынушыларды алдамауы үшін коучтар мен бизнес тренерлерді сертификаттауды ұсынды. Депутат Динара Наумованың айтуынша, елімізде өткізілетін тренингтер, шеберлік сабақтары мен семинарлардың сапасына көңілі толмайтын қазақстандықтардың саны артып келеді. “Жетістік” пен жеңіл келетін ақшаға ұмтылатын адамдар көбіне уәдеге сенеді. Осылайша оқуға үлкен ақша құяды. Кейде ол үшін несие алады. Бірақ көбіне оқуға көңілі толмайды әрі жұмсалған ақшаны кері қайтара алмайды. Өйткені олардың құқығын қорғау механизмі жоқ дейді депутат.