Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалған ем мен белгісіз препараттарды ұсынады": Депутат еліміздегі "дәстүрлі қытай медицинасы" деп аталатын орталықтарды тексеруді ұсынды

Фото: pixabay.com

Депутат Аманжол Әлтай Қазақстанда “қытай немесе шығыс медицинасы" деп халықты алдап емдеп жүргендерге шара қолдануды сұрады. Айтуынша, олар жұртқа белгісіз препараттар ұсынып, жалған емдеу тәсілін көрсетуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат осындай емге алданып, қаражаттарынан айырылғандар шағымданып жүргенін алға тартты.

Азаматтардан "Шығыс медицинасы", "қытай медицинасы", "иглотерапия", "мануалды терапия" атауымен қызмет көрсететін орталықтарға қатысты шағымдар келіп жатыр. Шағымдарда лицензиясы жоқ немесе біліктілігі жетпейтін дәрігерлердің қызмет көрсететіні, инвазивті рәсімдерді санитарлық талапты сақтамай жасайтыны, тіркелмеген дәрі-дәрмектерді қолданатыны айтылып отыр. Кейбір клиникалар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекенжайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып жатады. Біліксіз кейбір шетел азаматтары халыққа қызмет көрсетіп, кейін орталықты жауып, табысын алып кетеді”, – деді ол.

Аманжол Әлтай бұл жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін алға тартты.

“Қазақстанда "дәстүрлі қытай медицинасы" деген атаумен ұсынылатын кей қызметтер медициналық қызметке жатады. Олар заң бойынша лицензия, білікті маман мен нақты талаптарды сақтауы қажет. Бірақ шағымдар бойынша көптеген орындар бұл талаптарды орындамай отыр. Қызметтің заңдық мәртебесі анық емес, мамандардың біліктілігі мен жауапкершілігі белгісіз. Кейде шетел азаматтары рұқсатсыз ем жүргізіп жатады.

Негізгі қауіп – пациенттің жағдайы. Атап айтқанда антисанитария, стерильділік талаптарының бұзылуы, медициналық қалдықтарды дұрыс жоймау, инвазивті рәсімдерді қауіпсіздік ережесін сақтамай жасау. Сондай-ақ "препарат/дәрумен/қоспа" ретінде ұсынылатын өнімдер тіркелмеген немесе таңбалануы дұрыс емес. Ал онлайн жарнамада “қатерлі ауруды емдеймін" деп уәде беріп пациенттерді адастырады. Кей клиникалар тез ашылып, қысқа жұмыс істеп, кейін жабылып немесе көшіп кетеді. Бұл жоспарлы тексерудің жеткіліксіз екенін көрсетеді”, – деп қосты ол.



Осыған байланысты депутат мынадай ұсыныс айтты:

  1. Бұл қызмет түрлерін құқықтық тұрғыдан нақты жіктеп, ресми түсіндірме жариялауды;
  2. Инвазивті рәсімдер жүргізетін орталықтарға бақылауды күшейтуді;
  3. Шетел азаматтарының медициналық қызметін цифрлық реестр арқылы міндетті түрде ашық көрсетуді;
  4. Тіркелмеген препараттар мен онлайн жарнаманы ведомствоаралық бақылауды күшейтуді;
  5. Азаматтарға лицензияны және дәрілік заттардың заңдылығын тексеру бойынша нысаналы ақпараттық жұмыс жүргізуді жолға қоюды ұсынды.
STAN.KZ
Сәрсенбі, 04 Ақпан, 2026 12:50