"50 пайызын мемлекет субсидиялайтын бағдарламалар бар": Өнеркәсіп министрі үй ала алмай жүрген қазақстандықтарға кеңес берді
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баспана алуға қиналып жүрген қазақстандықтарға не істеу керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik
Министрдің айтуынша, мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бөлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына бағытталған.
"Ипотека алуға үнемі мүмкіндік туа бермейді. Қазір жалдау ақысының 50 пайызын мемлекет субсидиялайтын бағдарламалар бар. Бұл бағдарлама өз жұмысын жүзеге асырып жүр. Қазір оны 11 мыңға жуық қазақстандық қолданады. Жалдау ақысының 50 пайызын субсидиялау үшін, бұл бағдарламаға тағы миллиард теңге қосып жатырмыз", – деді Шарлапаев.
Министр мемлекет азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдап жатқанын айтты.
"Бағдарламалар халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана емес, қарапайым азаматтарға да қатысты. Қазіргі таңда бұл бағдарламаларға жалпы сомасы 300 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Жалға берілетін баспанаға қосымша 272 миллиард теңге бөлінді. Қазір бұл тұрғын үйді кейінірек жекешелендіру бойынша заңнамалық шаралар әзірленіп жатыр", – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда "Отбасы Банкі" 2025 жылдың басында "Ұмай" және "Жасыл ипотека" ипотекалық бағдарламаларын іске қосатыны хабарланған еді.