"Жалақысы 180 мың теңге": Депутат Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге жеңілдетілген ипотека енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков үкіметті мемлекеттік қызметкерлерге жеңілдетілген ипотека беру мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметкерлер қоғам тарапынан жиі сынның нысанына айналып отыр.
“Әсіресе орта және төменгі буындағы шенеуніктер көп сынға ұшырайды. Олардың кәсіби деңгейі мен іске араласуы кейде расымен де көңіл көншітпейді. Алайда мемлекеттік аппараттағы атқарушы және ұйымдастырушылық жұмыстың негізгі ауыртпалығын көтеріп жүрген дәл осы орта және төменгі буын қызметкерлерінің – мамандар мен бөлім басшыларының нақты жағдайы ескерусіз қалып жатады. Негізгі күрделі әрі жауапты жұмысты солар атқарады. Ал олардың жалақысы 180 мың теңгеден басталады. Бұл жүктеме мен жауапкершілік деңгейіне мүлде сай келмейді”, – деді Ерлан Стамбеков.
Депутаттың айтуынша, қаржылық жағдайды жақсарту үшін енгізілген факторлы-балдық жалақы жүйесі іс жүзінде тек жоғары басшылықтың табысын өсірген. Ал көп қызметкер үшін ештеңе өзгермей, жалақыдағы айырмашылық одан әрі ұлғайған.
Сонымен қатар, дәрігерлер мен мұғалімдерден айырмашылығы, мемлекеттік қызметкерлердің қосымша табыс табу мүмкіндіктері заңнамалық деңгейде айтарлықтай шектелген.
-
"20 миллионнан сәл жоғары": Энергетика министрі қанша табыс табатынын айтты
-
"Сорақы әрекеттер жасатады": Депутат тренингтік курстарға тексеріс жасап, шара қолдануды ұсынды
“Соның салдарынан қатардағы мамандар тұрғын үй алу секілді базалық әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл кадрлардың ынтасын төмендетіп, білікті мамандардың кетуіне әкелуде және жүргізіліп жатқан реформалардың беделін түсіреді. Бұдан бөлек, өңірлерде маман тапшылығына байланысты тұтас бөлімдердің жұмыс істемей тұрған жағдайлары кездеседі. Басқаша айтқанда, мемлекеттік аппаратта тұрақты "кадр тапшылығы" қалыптасты”, – деді Ерлан Стамбеков.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда:
- орта және төменгі буындағы мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілік деңгейі мен табысы арасындағы алшақтықты жоятын еңбекақы төлеу тәсілдерін әзірлеу және енгізу;
- орта және төменгі буындағы мемлекеттік қызметкерлерге арналған әлеуметтік ынталандыру жүйесін қалыптастыру, оған медициналық қызмет көрсету, білім беру және тұрғын үй алуға қатысты жеңілдіктерді енгізу;
- "Отбасы банк" базасында мемлекеттік қызметкерлерге бастапқы жарнасыз, төмен пайыздық мөлшерлемемен және банк сыйақысын мемлекет есебінен субсидиялау арқылы жеңілдетілген ипотека беру мүмкіндігін қарастыру.