Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО әкімінің экс-орынбасары Жақсылық Омар алты жылға бас бостандығынан айырылды

Жақсылық Омарға сот үкімі шықтыФото: Gov.kz

Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің экс-орынбасары Жақсылық Омарға сот үкімі шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгін, 3 сәуірде Өскемен қаласының №2 сотында Жақсылық Омарға қатысты іс бойынша соңғы сот отырысы өтті. Ол алаяқтық және пара алу айыптары бойынша сот алдында жауап берді. Қылмыстық іс қысқартылған тәртіппен қаралды.

31 наурызда өткен сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы алаяқтық және ірі көлемде пара алу баптары бойынша айыпталған Жақсылық Омарды алты жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. 

Сот Жақсылық Омар кінәлі деп танып, оның мүлкін тәркілей отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сондай-ақ оның Toyota маркалы автокөлігі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.



Бұған дейін сотта прокурор айыптауды екі эпизод бойынша оқыған. Бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болып жұмыс істеген кезеңіне қатысты.

Тергеу нұсқасына сәйкес, жәбірленуші ретінде танылған адам біреудің өтінішімен қалалық кәсіпорындардың бірінен материалдық көмек ретінде автокөлік алу туралы өтініш рәсімдеген. Соның нәтижесінде ол 2021 жылғы Toyota Camry 75 автокөлігін алған. Кейін оның айтуынша, көлікті әкімдік ғимаратына жеткізіп, кілтін тапсырып, содан кейін қайта көрмеген.

Кейін автокөлік үшінші тұлғаның атына қайта рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа үлгідегі көлікке айырбасталған. Тергеу деректеріне сәйкес, бұл көлікті айыпталушы пайдаланған.

Жәбірленушіге келтірілген шығын 13 миллион теңге деп бағаланған. Осыған байланысты Жақсылық Омарға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары бойынша айып тағылған. Алайда сотта жәбірленуші шығынның өтелгенін айтып, ешқандай талап-арызы жоқ екенін мәлімдеген.

Жақсылық Омар туралы не белгілі

Жақсылық Омар 1980 жылғы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданының Үшарал ауылында дүниеге келген.

2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін “география” мамандығы бойынша, 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін “мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығы бойынша тәмамдаған. 2018 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолы:

2001-2005 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінде жетекші және бас маман болып жұмыс істеді.
2005-2007 жылдары Қаржы министрлігінде маман қызметін атқарды.
2007-2009 жылдары “Қазақстан” телерадиокорпорациясында ақпараттық-талдамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары, кейін “Арна медиа” холдингінде бас менеджер болды.
2009-2010 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі қызметін атқарды.
2010-2011 жылдары ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы болды.
2011-2013 жылдары ШҚО мәдениет басқармасын басқарды.
2013-2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2016-2018 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары болды.
2018-2024 жылдары Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарды.
2024 жылдан 2025 жылғы 4 сәуірге дейін ШҚО әкімінің кеңесшісі болды.
2025 жылғы 7 сәуірден бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Еске салайық, 2026 жылғы 13 ақпанда желіде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары  Жақсылық Омарға қатысты  соталды тергеу жүргізіліп жатқанын растаған еді. Ал облыс әкімдігі оның денсаулығына байланысты еңбек демалысына шыққанын мәлімдеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 03 Сәуір, 2026 12:25