Бос сандырақ – Экология министрі Каспий теңізі құрғауы мүмкін деген ақпаратқа қатысты

Экология министрі Каспийдегі мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасалса, теңіз бір сәтте құрғап қалады деген ақпаратқа пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мұндай мәлімдемелердің шындыққа жанаспайтынын айтты.
“Бұл бос әңгіме. Каспий теңізін “қуырып”, құрғатып жіберу үшін қандай ауқымды әсер болуы керек екенін елестетіп көріңіз. Бұл кезекті бір ақылға сыймайтын болжам. Мұны кім айтып жүргенін білмеймін, бірақ Каспий теңізін құрғатып жіберу мүмкін емес”, – деді министр.
Шенеуніктің айтуынша, мұндай сценарийлердің ешқандай нақты ғылыми негізі жоқ.
Сонымен қатар министр Каспий теңізінің қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді. Министрдің айтуынша, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі байқалғанымен, одан айырылып қалу қаупі жақын арада туындамайды.
“Әрине, Құдай сақтасын, Каспийден айырылу – өте ұзақ процесс. Бірақ қазір белгілі бір күрделі үдерістер жүріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан Каспий маңындағы елдер бірлесіп шаралар қабылдап жатыр. Қазақстан өз тарапынан Каспий ғылыми-зерттеу институтын құрды. Қазір онда ғалымдар жұмысқа қабылданды. Енді институтты қажет техникамен, зертханалармен және су көліктерімен жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр”, – деді министр.
Ғалымдар Каспий теңізі екіге бөлінетінін ескертті: Бұл Қазақстанға қандай қауіп әкеледі?
Каспий теңізінен үлкен қара дақ байқалды
Оның сөзінше, Қазақстан Каспий теңізінің өз акваториясындағы бөлігінің жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды. Сонымен қатар Каспий маңындағы елдерге теңіз мәселелеріне арналған халықаралық бағдарлама әзірлеу туралы ұсыныс жолданған.
Министр қазір мемлекеттер Каспий теңізі жөніндегі конвенциялар аясында бірлескен жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты.
“Бүгінде Каспий конвенциясы, Тегеран конвенциясы бар. Барлық ел ұлттық және халықаралық деңгейде теңіздің жағдайын жақсарту үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр”, – деді ол.
Сонымен қатар министр Теңіз және Қашаған кен орындарындағы күкіртсутек деңгейі жоғары деген ақпаратқа да түсініктеме берді. Оның айтуынша, мұндай көрсеткіштер әдетте тек апат немесе рұқсатсыз шығарындылар кезінде жоғары болуы мүмкін.
“Мен мұндай ақпаратты растамаймын. Күкіртсутектің деңгейі үнемі жоғары болуы мүмкін емес. Әдетте мұндай жағдайлар апат немесе рұқсатсыз шығарындылар кезінде болады. Ал басқа жағдайда табиғи процестер өз жұмысын атқарады. Жел режимі де мұндай газдардың таралуына әсер етеді. Сондықтан мұндай қауіп жоқ”, – деді Нысанбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Каспийді қорғау үшін түркі мемлекеттерін бірігуге шақырғаны туралы жазған едік. Кейін Қазақстан Каспийді зерттеуге және сақтауға 1,1 миллиард теңге бөлгені айтылды.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған