Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Туған күнге арналған 10 өлең: Жақын адамыңды қалай құттықтауға болады

Әкені, ананы, аға мен әпкені және іні мен қарындасты туған күнімен қалай құттықтауға болады? Stan.kz назарларыңызға туған күнге арналған 10 өлең ұсынады.

Тілек

Өмір мынау қатар тосқан
Жеңілі мен ауырын,
Шуағы мен дауылын.
Бүгін мына сенің туған күніңде
Қандай тілек айтсам екен, бауырым?
Саған байлық тілер ем мен,
Бірақ ол бір әңгүдік,
Есігіңнен кіргенімен паң күліп,
Жүргенімен шеру тартып, сән құрып,
Саған жолдас бола алмайды ол мәңгілік.
Бәлкім, ерлік тілер ем мен,
Тамыр алған төсіңнен,
Ерлік сезім бірақ сенің табылады өзіңнен,
Онсыз адам жүре ала ма
Соқпақтар мен жолсыз да,
Ал сұлулық тілер ем,
Сұлусың сен онсыз да.
Қайтсем екен?
Мен одан да барлық адам аңсаған,
Барлық адам сан мың жылдар арман етіп шаршаған,
Азы жетіп, ал сан мыңы тек елесін тамсанған,
Кез келгеннің уысына түспейтін,
Кез келгеннің бақшасында піспейтін,
Зор махаббат тілейінші мен саған.

(Мұхтар Шаханов)

Туған күніңмен – Бибі 

Арулардың аруы бар асыл жан,
Қылықты қыз, адал дос, жақын болған.
Бибінұрдай әлемде жан жоқ сірә,
Ақылымен баураған бақытты жан.

Туған күнің, мерекең, күнің бүгін,
Құттықтаймын тәтті қыз, қуан бүгін.
Нұрсезіммен достығың үзілмесін,
Шаттық толып жүзіңе арайлы күн.

(Ақжүніс Әшім)

Туылған күн иесіне тілегім

Туылған күн иесіне тілегім,
Мықты болсын арқа сүйер тірегің.
Құдай қосқан достарымның бәріне,
Зор денсаулық ұзақ өмір тіледім.
Туылған күнің құтты болсын,
Жылдан-жылға ортаң толсын.
Бәріміз бір бас қосайық,
Жора-жолдас құрбы досым.
Туылған күн өткен кешіңде,
Барлығы әлі есімде.
Өткізіп қызық сәттерді,
Тойлатып едік сол кезде.
Айлар өтіп, жылдар өтер,
Туылған күн келер тағы да.
Жасыңа-жас, басыңа-бақ,
Тілеймін адал досыма.
Туылған күнің құтты болсын,
Құт әкелсін басыңа.
 

Туған күн құтты болсын!

Бірінші – ұзақ жасты өмірлі бол,
Екінші – адал кәсіпке бейімді бол.
Үшінші – тіл мен көзден аман бол.
Ғылымға өнерменен зейінді бол,
Төртінші – қатарыңда кемелді бол.
Бесінші – берекелі, беделді бол.
Алтыншы – арыстандай айбатты бол,
Жетінші – жетектеушің Қызыр болып,
Дініне Мұхамбеттің қайратты бол.
Алқалы ақ ордалы кеңесті бол.
Дұғамды қадір Алла қабыл етсін,
Бұрынғы жақсылармен теңесті бол.

Қарындас туған күнің құтты болсын!

Айналайын, ақ маңдай қарындасым,
Алға сүйрер арманың сарқылмасын.
Қайырылмасын қанатың топшысынан,
Ешқашан да заманың тарылмасын.

Толықсыған қарындас жадымдасың,
Жадымдасың, ендеше жанымдасың.
Бұйыртса әлі талай жүздесерміз,
Әзірге сәлемдесу арылмасын.

Айдынды шалқар көлдің аққу сәні,
Аруларға жарасар гәкку әні.
Қарындас туған күнің құтты болсын
Құттықтау, есте қалу – өмір мәні.

***
Ақ айдынға салып бақыт кемесін,
Жарқын жүзбен қуанышпен келесің,
Құтты болсын сексен жасың, әкетай,
Өзіңізді бір құдайым демесін.
Бәйтерексіз жапырағы жайқалған,
Барша жұртқа жақсылығы байқалған.
Есен болсын ұрпағыңыз көрінген.
Ән қалықтап, күй төгілсін төріңнен,
Бақ орнасын әрдайым басыңызға.
Жас қосылсын, әкетай, жасыңызға,
Немерелер қуаныш сыйлап талай
Амандықпен жетіңіз жүзге қарай!

***

Әлпештеген, аялап асыраған,
Аяулы ана, ақ ниет асыл адам.
Ұрпақ үшін тірлікке нұрын төккен,
Қиын-қыстау күнде де жасымаған.
Сыздағасыз,
Сан рет мұздағасыз,
Шәкіртке де,
Бізге де ізгі анасыз.
Бағымыздың бұлбұлын сайрататын,
Жанымыздың жайлауы Сіз ғанасыз.
Лаулаймыз да, Сіз барда жанамыз да,
Қосып сізді сан әнге, сан аңызға.
Аялаған аққуын айдындай боп
Асыл Ана, жүре бер арамызда!

***

Жан Әпке, қашаннан-ақ жаны жақсым,
Шыққандай жанарыңнан жадырап күн.
Ең алғаш сен туып, қуантыпсың
Жандарын біздің үлкен шаңырақтың.

Естияр боп тірлікте баянды кем,
Еркелетіп бәрімізді аялап ең.
Жарың кетті бақиға, сен қамықпа,
Бұл күнде таласуда немерелер құшаққа кең.

Балаларың – мәңгілік қуанышың.
Ұстаздық бақытың бар – жұбанышың.
Бір сені саф алтыннан кем көрмейміз.
Нағыз алтын жарқырап тұрады шын!

***

Жете бер аңсап күткен тілегіңе,
Қылаудай дақ түспесін жүрегіңе.
Отанның, ел-жұртыңның мақтаны бол,
Алды бол қатарыңның бұл өмірде.

Себездеп алтын ара жан-жағыңнан,
Ту тіккен алаулаған арманыңнан.
Кеудеңде махаббаттың шоғы маздап,
Биіктен биіктерге самға, қыран.

Ізгі боп лебізіңді сағынатын,
Жігіт бол дос, дұшпаның табынатын.
Айналсын ар туына адалдығын,
Адам боп ұялатқан жанына күн.

Жүр асқақ күншілдердің басып мысын,
Жүректің түпкірінен жаһұт ұсын.
Таба біл тіршілікте керегіңді,
Басыңнан арылмасын бақыт құсың!

Мәңгі он сегіз

Мейлі ғой сенбесеңіз, сенсеңіз де,
Еркіңіз көнбесеңіз, көнсеңіз де,
Арулар қартаймайды ешқашанда,
Бәрібір қыздың жасы – он сегізде.
Ақ тілек айтып қалсын кенен көмей,
Арулар болған емес өлеңге өгей.
Қыздардың жасын Қазақ сұрамайды,
Тұрады ол он сегізден «төмендемей».

Айналайын махаббаттың базарына,
Білесің жастық дәурен озарына.
Арудың нағыз жасы он сегіз жас,
Ешқашан көтерілмес жоғарыға.

Талқылау
Пікір
Akmirim
14 Нау, 23 жыл - 11:45

Жан құрбым

Жаным менің Ақеркем бар қасымда

Сұлулығын айта алмаймын расында

Жақын құрбым болады деп ойламағам басында

 

Ұрыстық ,ренжістік,татуластық

Ұрысып жүріп барынша біз жауластық

Қазір міне татумын мен жаныммен

Жақсы көрем қатты бірақ бәрінен♡

 

Автор:Еламан Ақнұр