"Миына екі ота жасалды": Астанада алты жасар қыздың үстіне футбол қақпасы құлап кетті
Видеодан скрин
Астанада тұрғын үй ауласында ойнап жүрген алты жасар қыздың үстіне футбол қақпасы құлап кетті. Бүлдіршін қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жәбірленушінің ата-анасы футбол алаңын салып, бірақ тиісті қауіпсіздік шараларын сақтамаған мердігерлерді жазаға тартуды талап етеді.
Куәгерлердің айтуынша, түс ауа топтасып ойнап жүрген балақайлардың бірін футбол қақпасы басып қалған. Қазір ауыр ми жарақатын алған Ямур жансақтау бөлімінде жатыр.
“Миына екі ота жасалды. Біріншісі, бізде миына қан құйылып жатты. Сол қанды тоқтату үшін, шығару үшін дренаж қойылды басына. Екінші ота бізде мидың ісігі болғаннан кейін жасалды. Содан кейін оны сүйегін алып тастап пластик қойды. Қазір жағдайы ауыр”, – дейді қыздың анасы Ақпейіл Қаратаева.
Ал Ямурдың әкесі кінәні алаңды салған компанияға артып отыр. Пікірінше, мердігер жұмысын толық атқармаған. Оқыс оқиғадан кейін қақпаны қалпына келтірілген.
“Жұмыстарын дұрыс жасамағанның әсерінен балам осындай жағдайға түсіп отыр. Алдағы уақытта да және бұған дейін де осындай жағдайлар көп болған. Бірнеше рет біздің айтуымызға қарамастан, ол кісілер құлақ асқан жоқ. Бұл жерде мүлде қызмет көрсету болған жоқ ”, – дейді Ямурдың әкесі Тимур Жұмашев.
Пәтер иелері бірлестігінің жетекшісі, бұл іске "Елорда құрылыс компаниясы" жауапты – деді. Өйткені, ауланы құжат жүзінде тапсырмағанын жеткізді.
“ОСИ ашылғаннан бастап, "Елорда құрылыс компаниясы" акт приема передачи бойынша ешқандай ойын алаңын, ауламыздағы жарық шамдарын, үйді ешқандай құжатпен тапсырған жоқ. Қазіргі уақытта осы кешегі болған жағдайға байланысты жауапты "Елорда құрылыс компаниясы" деп ойлаймын”, – дейді Пәтер иелері бірлестігінің жетекшісі Дархан Смайлов.
"Елорда құрылыс компаниясының" өкілдері болса, көп қабатты тұрғын үйге қызмет көрсету кезеңі бір жыл бұрын аяқталғанын жеткізді. Сәйкесінше, пәтер иелері бірлестігіне нысанды қабылдап алу туралы сұраным да жіберген. Ал, Нұра ауданы әкімдігі футбол алаңшасын мамыр айында жөндеп, қақпаны дәнеркелеп, бекіткен екен.

"Дұрыс бөлшектемей, шикі күйінде жеу өте қауіпті": Ақбөкен етін тұтыну қаншалықты қауіпсіз
