Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Камерадағы жазбалар қайда?": Депутат Нартай Сәрсенғалиев әскердегі әлімжеттік туралы айтып, қорғаныс министріне шүйлікті

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қорғаныс министріне әскердегі әлімжеттікке қатысты депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, бейбіт күнде сарбаз жарақат алып, аман оралмай жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: mazhilis.kz

"Бүгінгі депутаттық сауалым қазақ әскеріндегі қазіргі ахуал туралы. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы: "Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр" дейді. Сол жөргектегі тәрбиесі жер көкке сыйғызбай әскер қатарына барып, Отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалды. Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі, оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болып жатыр. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай", – деді депутат.

Депутаттың сөзінше, мұның салдарынан айыппұл салмақ түгілі, айып тақсаңда ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді.

"Бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болып жатыр. Бұл – бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаң да ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған", – деді депутат.

Нартай Сәрсенғалиев бұл әскери прокуратура мәлімдеген ресми статистика екенін жеткізді. Сонымен қатар ол сарбаз Ербаян Мұхтардың алған жарақатына қатысты қоғамда екі ұшты пікірлер жүргенін жасырмады.

"2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал жуырда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгер Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатты. Жауаптылар болса қашанғыдай жауапкершіліктен жалтарып "Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды" дейді. Бірақ бұған сау адамның сенбесі анық. Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы ұлын шетелге емге әкетуге қам жасап жатыр. Оған қаржы жинап берген баяғы біздің қарапайым халқымыз", – деп жалғастырды ол.

Бұдан бөлек депутат 7 қыркүйек күні Ақтаудағы гарнизонда сарбаз Марат Барқұлов көз жұмғанын айтты.

"Оны офицер атып жіберген. Бұл қасақана жасалған әрекет, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ тергеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында "Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты" деп атап өтті. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр", – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Нартай Сәрсенғалиевтің сөзінше, былтыр қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан аса бейнекамера бар деп айтқан.


"Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? Әскердегі әлімжеттік мәселесін АМАНАТ партиясы 2022 жылы көтерген болатын. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес. Осы тұста тағы бір түйткіл бар, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейді, себебі соңғы рет әскерилердің жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген. Уағында берілген әлеуметтік қолдау шараларының біразынан шет қалған. Бұл жағдайды түзету кезек күттірмейтін мәселе", – деді мәжіліс депутаты.

Депутат келешекте ол еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және оның алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды, әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттерді күшейтуді ұсынды.

  1. "Еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды.
  2. Әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалады қолға алып, олардың іске асуын жеделдетуді", – деп түйіндеді Нартай Сәрсенғалиев.

Еске салайық, бұған дейін қорғаныс министрлігі Қазақстан армиясындағы өзіне қол жұмсаудың жиі кездесетін себептерінің бірі тұқым қуалайтын бейімділік деп мәлімдегенін жаздық. Министрліктің жауабында кейінгі үш жылдағы орны толмас шығындардың статистикасын алсақ, жалпы алғанда 19%, соның ішінде қауіпсіздік шараларын бұзу нәтижесінде 43%, жол-көлік оқиғалары 27% және сырқаттану 24% көлемінде төмендеу динамикасын көруге болатыны туралы айтылды.

Талқылау