Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада биологиялық белсенді қоспаларды сатып алған зейнеткерлер 286 миллион теңгеге алданып қалды

Қаржы мониторинг агенттігі Астана бойынша департаменті  "Happy Life KZ" қаржылық пирамиданың жұмысын тоқтатты. Пирамиданың құрығына ілінген құбандардың көбі елордалық зейнеткерлер. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Рexels.com

Агенттіктің мәліметінше, күдікті 2016 жылдан 2024 жылға дейін биологиялық белсенді қоспаларды сатамын деген желеумен салымшылар тартып, оларға әр жаңа қатысушы үшін 10%-дан 300%-ға дейін табыс уәде еткен. Салым сомасы маркетингтік стратегияға байланысты 7 500 теңгеден 2 миллион теңгеге дейін өзгеріп отырған.

Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 286 миллион теңгеден асқан

“Нәтижесінде күдікті қаржылық пирамидаға 35 адамды тартқан. Барлық зардап шеккендер – жеңіл табыс туралы құрғақ уәдеге сеніп қалған зейнеткерлер. Олар өз жинақтарының басқа салымшылар арасында ақша бөлу схемасының бір бөлігіне айналатынын сезбеген”, – делінген хабарламада.

Қаржылық тергеу жүргізу барысында күдікті заңсыз жолмен алынған қаражатқа элиталық тұрғын үй кешенінен 36 миллион теңге тұратын пәтер сатып алғаны анықталды. Соттың санкциясымен алаяқтық жолмен  алынған пәтерге тыйым салынды. 



Күдіктіге "ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат" түріндегі бұлтартпау шарасын таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін Қазақстандағы қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы Қырғызстанға қашып, адам өлтіргені туралы жазған едік.

Талқылау