Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зейнеткерлерді алдаған": Лондонда қытайлық "крипто-патшайым" 12 жылға сотталды

Фото: bbc.com

Лондонда қытайлық "крипто-патшайым" 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Әйелден құны 6,3 миллиард доллар болатын биткоин тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Лондон соты 47 жастағы Қытай азаматшысы Цянь Чжиминьді ақша жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания тарихындағы ең ірі криптовалта алаяқтығына қатысы бар деп танып, 11 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.

Тергеу нұсқасы бойынша, БАҚ-та "крипто-патшайым" деп аталған айыпталушы 2014–2017 жылдары Қытайда "Ланьтянь Гэжуй" (Lantian Gerui) алаяқтық жобасын басқарған. Жоба өзін биткоин өндіру мен заманауи медициналық өнімдерге инвестиция жасайтын компания ретінде ұсынғанымен, іс жүзінде қаржылық пирамида болған. 128 мыңнан астам жәбірленушілердің көпшілігі қытайлық зейнеткерлер. Салымшылар компанияға 40 миллиард юаньнан (5,6 миллиард доллардан) астам қаражат салған.

2017 жылы Қытай полициясы Цянь Чжиминьді ұстауға тырысқанымен, ол жалған құжаттар арқылы Мьянмаға қашып кеткен. Әйел кейінірек Ұлыбританияға барып, көмекшілері арқылы алаяқтықпен алынған криптовалютаны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

2018 жылы полиция әйелдің Хэмпстедтегі вилласына рейд жасап, 61 мың биткоинге қол жеткізуге мүмкіндік беретін қатты дискілер мен ноутбуктарды тәркіледі. Бұл Ұлыбритания тарихындағы ең ірі криптовалюта тәркілеу болып саналады (қазіргі курс бойынша 6,3 миллиард доллардан астам).

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 22:28
Талқылау