Зейнетке шыққан қазақстандықтар жұмыс іздеуші ретінде тіркеле алмайды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетке шыққан қазақстандықтардың жұмыс істеуді жалғастыруына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елде жұмысын жалғастырып жатқан зейнеткерлердің есебі жүргізілмейді.
“Зейнет жасына жеткен адамдар зейнетақы ала отырып, жұмыс іздеуші ретінде тіркеле алмайды. Сонымен қатар, әлеуметтік кодекстің 99-бабына сәйкес зейнеткерлер жұмыссыз ретінде тіркелмейді. Осыған байланысты жұмыспен қамту органдары зейнет жасына толса да, жұмыс істеп жатқан қазақстандықтарды қадағаламайды”, – делінген хабарламада.
Министрлік жұмыс күшіне жұмыспен қамтылған және жұмыссыз адамдар жататынын атап өтті. Ал зейнеткерлер жұмыс күшіне кірмейді, бірақ өз бетінше жұмысқа орналасуға құқылы.
“Зейнет жасына толған қызметкердің кәсіптік және біліктілік деңгейі жоғары болса және еңбекке қабілетті болса, онымен еңбек шарты шектеусіз жыл сайын ұзартылуы мүмкін. Осылайша, зейнетке шыққан тұлғалардың жұмысын жалғастыруға ешқандай шектеу жоқ”, – деп мәлімдеді ведомство.
Бұған дейін Қазақстанда зейнеткерлердің несиесін есептен шығару ұсынылған еді.