Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"35 жылдық тәжірибесі бар": Алматыдағы мектептің ата-аналары мұғалімнің жұмыстан кеткеніне наразы

Алматы қаласы Наурызбай ауданында оқушылардың ата-анасы №207 мектеп-лицейінің мұғалімін жұмыстан шыққанына наразылық білдірді. 3-сынып оқушыларының ата-аналары Stan.kz тілшісіне сынып жетекшінің үстінен негізсіз арыз түскенін айтты.

Фото: pexels.com

Наурызбай ауданындағы №207 мектеп-лицейінде 3-сынып оқушыларының ата-аналары сынып жетекшісінің нақақтан жұмыстан шығып кеткеніне наразы. 

“Негізі сыныпта 35 бала. Бір бала қыркүйекте жаңадан келді. Келгелі мұғалімге тыным жоқ. Директорға апайдың үстінен шағым түсірген. Болмаған соң директор ата-аналар жиналысын жасады. Бірақ педагогтың үстінен арыз жазған ата-ана жиналысқа келмеді. Мұғаліміміздің 35 жылдық тәжірибесі бар. Келесі жылы зейнетке шыққалы отыр. Тәжірибелі мұғалім болғандықтан ол кісіні қайтарғымыз келеді. Біз де шағым түсірген ата-анамен өзіміз сөйлескіміз келді. Бірақ ол кездесіп, сөйлесуден бас тартты. Оның мақсаты – апайды жұмыстан шығару. Мұның барлығы бір айдың ішінде болып отыр. Балаларымыз мұғалімнің өз еркімен жұмыстан шығып кеткенін айтты. Айтуынша, мұғаліміміз жылап кетіпті”, – дейді ата-ананың бірі. 

Оның айтуынша, мектеп директоры шағым түсірген анамен сөйлесіп, баласын басқа мектепке ауыстыруын ұсынды. Алайда ол басқа мектепке ауысудан бас тартты. 

“Не жиналысқа келмейді, не біздің хабарламамызға жауап бермейді. Білуімізше, күйеуі ерекше күтімді қажет ететін адам екен. Соны қарап отыр екен. Апайымыз кеткен соң қазір бізге уақытша басқа мұғалімді қойды. Сонда бір мектеп, 35 ата-ана отырып бір әйелдің көкбеттігіне бола мұғалімнен айырылып отырмыз. Мұғалімді заң, мектеп әкімшілігі қорғамай ма? Ол әйел үйде отырып алып бәрін бүлдіреді, мұғалімді жылатып, кешірім сұратады. Ол кісімен оқу ісінің меңгерушісі сөйлескен. Сонда “Мазамды алмаңыздар. Айтарымды айттым. Қолдарыңыздан не келеді, жасайтындарыңызды жасаңыздар” деп айғайлап жауап берді, – дейді ашынған ата-ана. 

Жұмыстан кетуге мәжбүр болған мұғалім шағым түсірген ата-ананың жұмысына кедергі келтіретінін, ары қарай шыдай алмайтынын айтқан. 

“Бірде “Менің қызымды өлтірейін деп жүрсіңдер, балаларың қызымның ішінен теуіпті. Мұғалім қайда қарап отыр?” деп жазып жіберіпті. Оның қызын ешкім теппеген. Сөйтіп учаскелік инспекторды ертіп алып келіпті. Сол үшін мұғалімді сотқа бермек болған. Осылайша психологиялық қысым көрсетті. Өз еркімен кетті дейді. Бірақ оны жұмыстан шығуға итермеледі ғой”, – дейді 3-сынып оқушысының анасы. 

Фото: Құжаттан скрин

Жағдайға қатысты тағы бір ата-ана пікір білдірді.

“Мұғалімнің үстінен айтқан шағымдары күлкілі. “Неге сабақ кестесі ауыса береді? Неге менің қызым автобуста отырмай, тұрып келген?” деген арыз айтқан. Бірде ортақ чатта отырып, апайға дөрекі сөйлегенін байқадық. Сөйтіп ол кісімен келісе алмағандықтан 5 қазан күні мұғаліміміз жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болды. Оның алдында мұғалім оқу меңгерушісіне не оқушыны, не өзін басқа сыныпқа ауыстыруын сұраған. Неге бір ата-ана үшін сынып жетекшіміз ауысуы керек? Ешкім ешқандай шара қолданған жоқ”, – дейді наразы ата-аналардың бірі. 

Осы тұста болған жағдайға қатысты Алматы қаласының білім басқармасынан пікір сұрадық. Stan.kz тілшісіне берген жауабында ведомство: “Алматы қаласы, Наурызбай ауданындағы №207 мектеп-лицейінің 3 “А” сынып жетекшісі Елікбаева Айгүл Балтабайқызы жұма күні мектепке “қуанышты жаңалығым бар” деп келген еді. Басқа қалаға көшуіне байланысты аяқ астынан жұмыстан кетемін деп өтініш жазып, өз еркімен жұмыстан шықты. Сынып жетекшіге ешқандай қысым болған жоқ”, – деп жазды. 

Талқылау