Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнетақы жинақтары есебінен сатып алынған тұрғын үйді сатуға шектеу қойыла ма: "Отбасы банк" жауап берді

зейнетақы жинағыФото: freepik.com

Қазақстан біржолғы зейнетақы төлемдерімен (БЗТ) сатып алынған тұрғын үйді сатуға шектеу қойылуы мүмкін. Оған Қаржы мониторингі агенттігі анықтаған “жылжымайтын мүлікті сатып алу” желеуімен зейнетақы жинақтарын мақсатсыз шешу схемалары себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

“Отбасы банк” біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану талдауы кезінде бірқатар жағдайларды анықталған. Мәліметке сәйкес, түрлі сатып алушылар бір пәтерді бірнеше рет толық сатып алу схемасы бойынша рәсімдеген.

“Заңды тікелей бұзу жоқ, әрі тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелерінде бұл мәселе бойынша нақты шектеу қарастырылмаған. Алайда мұндай жағдайлар зейнетақы қаражатын мақсатсыз пайдалануға және тұрғын үй бағасының статистикасын бұрмалауға, яғни жасанды қымбаттауға әкелуі мүмкін”, – делінген банк хабарламасында.


"7-20-25" тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы аясында баспана сатып алу лимиттері ұлғайтылды


"7-20-25" бағдарламасына өзгерістер енгізілді: Енді қазақстандықтар ипотекаға қымбатырақ тұрғын үй рәсімдей алады


Осыған байланысты, мүмкін болатын заңбұзушылықтардың алдын алу үшін “Отбасы банк” Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қолданыстағы ережелерге өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жіберген. Атап айтқанда, біржолғы зейнетақы төлемдері арқылы сатып алынған тұрғын үйді 5 жыл бойы сатуға шектеу қою ұсынылды.

“Қарапайым тілмен айтқанда, егер азамат зейнетақы жинақтарын пайдаланып пәтер сатып алса, ол мүлікті 5 жыл ішінде сата алмайды. Бұл тұрғын үйге қатысты алыпсатарлық операцияларды азайтып, зейнетақы қаржысының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді”, – дейді банк өкілдері.

Сонымен қатар банк әзірге нақты шешім қабылданбағанын айтты. Заң бойынша, жылжымайтын мүлікке қандай жағдайларда шектеу қойылатыны анық көрсетілген. Ал біржолғы зейнетақы төлемдері арқылы сатып алынған тұрғын үй бұл санатқа кірмейді.

“Жалпы алғанда, зейнетақы жинақтарының артығын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан баспана сатып алуға толықтай тоқтату мәселесі қаралып жатқан жоқ”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтары есебінен сатып алынған тұрғын үйді сатуға шектеу қою ұсынылған еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 17:34
Талқылау