Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнетақы қорынан 46 миллиард теңге шығарған: "Стоматология иелеріне" іздеу жарияланды

Видеодан скрин

Қаржылық мониторинг агенттігі зейнетақы қорынан заңсыз ақша шығарумен айналысқан жалған стоматологиялық клиникалардың иелеріне іздеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Агенттік жалған стоматологиялық клиникалар құрды делінген 3 күдіктіні іздестіруде: 

- Дүйсенов Аслан Қамбарұлы, 01.04.1992 жылы туған.

- Иманбаев Габбас,18.05.1998 жылы туған.

- Елешев Есімхан Баяндиевич, 11.09.1987 жылы туған.

Агенттік мәліметінше, аталған азаматтар 46 миллиард теңгеден астам қаражатты БЖЗҚ заңсыз шығару мақсатында қылмыстық схемаларды ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Бұл мақсатта олар тіс емдеу қызметі көрсетілгендей етіп жалған медициналық құжаттар рәсімдеген.

“Олар Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 7 стоматологиялық клиниканы пайдаланған. Аталған мекемелер іс жүзінде ешқандай медициналық қызмет көрсетпеген”, – делінген агенттік хабарламасында. 


Қазақстандықтарға зейнетақы жинағын тіс емдеуге беру қайта жанданады: Уақыты белгілі болды

Бақытжан Базарбек: Зейнетақы қаражатын тіс емдеуге пайдалануға тыйым салу — азаматтардың құқықтарын шектеу


Үш күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі  бұлтартпау шарасы тағайындалған. 

Сондай-ақ айыпталушылардың бірі Дүйсенов бұрын полиция қызметкері болған, алайда теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылғаны белгілі болды. 2016 жылы ол "өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу" және "қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану"баптары бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін 5 жылға сотталған болып шықты. 

“Іздеуде жүрген тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне +7 (7172) 70 84 78 нөмірі бойынша хабарлауыңызды сұраймыз. Сыйақы мен анонимділікке кепілдік беріледі”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін Атырауда зейнетақы қорынан тіс емдеуге деп 200 миллиард теңге ұрлаған топ ұсталғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 02 Қазан, 2025 19:04
Талқылау