"Құны 9 мың теңге": Ішкі істер министрлігі полицейлерді өз қаражаты есебінен наркологиялық тестілеуден өтуге міндеттеп жатыр
Еліміздің Ішкі істер министрлігі 125 мыңға жуық полиция қызметкерлерін өз қаражаты есебінен жедел түрде наркологиялық тестілеуден өтуге міндеттегені туралы ақпарат тарады. Кей полицейлер зертханадан анықтамалар әкелсе, енді бірі жалақысының түсуін күтіп отыр. Ал кейбірі өз қаражатынан наркологиялық сараптамадан өтуден бас тартып жатыр. Оған еліміздегі зертханалық емханалар желісінде наркологиялық тестілеуден өту бағасының қымбат болуы себеп. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Мәліметке сәйкес, полиция қызметкерлері наркологиялық тексеруден тек министрлік есебінен өтуі керек. Дегенмен Ішкі істер министрлігінде мұндай қаражат болмаған. Сол себепті полицейлерге өз қаражаты есебінен тексеруден өтуді тапсырған.
Интернетке кірсеңіз зертханалық тексеруден өтуге арналған орындарды оңай таба аласыз. Мысалы, танымал зертханалық емханалар желісі наркологиялық тексеруден өтуге 6 620 теңге сұрайды. Тағы бір емхана есірткінің үш түрін – опиаттар, марихуана/гашиш, амфетаминдерді анықтауға арналған анализге 6 750 теңге сұрайды екен. “Время” редакциясына Ішкі істер министрлігі басшылығының атына жазылған хат көшірмесі келіпті. Онда автор наркологиялық тексеруден өткені туралы анықтаманың құны 9 мың теңге екенін жазған.
Осы ақшаны есепке алып, еліміздегі барлық полицей тестілеуден өтетін болса, кей жеке зертхананың қазынасы 1 миллиард 125 миллион теңгеге толығады.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінен мән-жайды сұрап білді.
Тиісті ведомствоға министрлік полицейлердің наркологиялық тестілеуден өту ақысын неге өтеп бермейді, алдағы уақытта полицейлер наркологиялық тексеруден өтуі үшін емханалармен қандай да бір жеңілдік қарастыру мәселесі талқылана ма, деген сауалдармен жүгіндік.
"Президенттің нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарының талаптарын орындау үшін ерікті түрде наркологиялық скринингтен өткізу жұмыстары жүргізілді. Жоғарыда аталған Кешенді жоспардың 53-тармағын іске асыру кезінде Бас прокуратураға (республикалық бюджет комиссиясының отырысында қарау үшін) есірткі скринингінен өтуге қаражат бөлу туралы хат жолданды. Бұл хатта оған кететін шығын мөлшері де көрсетілді. Дайындалған заңнамалық түзетулер де қоса ұсынылды. Қазіргі уақытта Бас прокуратура бұл мәселені қарастырып жатыр", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында жол талғамайтын Lexus көлігінің жүргізушісі мен патрульдік полиция қызметкерлері арасындағы дау қызу талқыға түскен еді. Автомобиль Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тасжолында жылдамдықты асырғаны үшін тоқтатылған. Жүргізуші мен полицейлер арасындағы жоғары дауыспен айтылған әңгіме бейнежазбаға түсіріліп, қызметтік тексеріске себеп болған.