Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желідегі тренд 11 жастағы қызды жанарынан айыра жаздады

Скарлет Роу
Фото: Kennedy News and Media

Шотландияда 11 жастағы Скарлет Роу әлеуметтік желідегі қауіпті трендті қайталаймын деп көзіне ауыр жарақат алды. Қыз бала жұмсақ антистресс ойыншықты микротолқынды пешке салып қыздырған. Артынша ойыншық жарылып, ішіндегі ыстық әрі жабысқақ сұйықтық оның бетіне, әсіресе сол көзіне шашыраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mirror.co.uk-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Шотландияның Эрвин қаласында болған. Скарлеттің анасы Джина Роудың айтуынша, сол күні отбасы үйде отырған. Балалар асүйде, ал ата-анасы үлкен балаларымен бірге қонақ бөлмеде болған. Бір сәтте олар асүй жақтан айғай естіген.

“Басында балалар жай ғана ұрысып қалған шығар деп ойладық. Асүйге барсақ, Скарлет раковинаның жанында суық суды қосып, “көзіме түсті” деп айғайлап тұр екен. Бетін бұрғанда жылтыр, жабысқақ сұйықтықты көрдім. Алғашында Tesco дүкенінен алған жұмсақ ойыншық жай ғана жарылып кеткен шығар деп ойладым”, – дейді анасы.

Кейінірек Скарлет ойыншықты микротолқынды пешке небәрі 10 секундқа қойғаны белгілі болды. Ол әлеуметтік желіден жұмсақ ойыншықтарды қыздырса, одан да иілгіш әрі жұмсақ болатыны туралы видеолар көрген. Қыз бала осыны қайталап көрмек болған. Алайда қыздырылған ойыншық қолмен қысқан сәтте жарылып, ішіндегі ыстық масса тура сол жақ көзіне шашыраған.

Скарлет шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның сол көзінің айналасындағы күйікті өңдеп, алғашқы көмек көрсетті. Қазір мамандар ісіктің қайтуын күтіп отыр. Анасының сөзінше, жарақаттың қалай жазылатынына қарай, қызға алдағы уақытта тері трансплантациясы қажет болуы мүмкін.

“Қазір нақты ештеңе айта алмаймыз. Ісік басылған соң ғана дәрігерлер әрі қарай не істеу керегін шешеді. Терісінде күлдіреген жаралар бар, кей жері ашық қалған. Тыртық қала ма, жоқ па – оны да уақыт көрсетеді”, – дейді Джина.

Оның айтуынша, қызы бұл әрекеттің қаншалықты қауіпті екенін түсінбеген. Скарлет әлеуметтік желіден көрген видеоны жай ғана қайталағысы келген.

“Әдетте түрлі трендтерге мұқият қараймын. Бірақ мұндай нәрсенің бар екенін мүлде білмеппін. Бұл өте қауіпті. Қызым көзінен айырылып қалуы мүмкін еді. Біз үйде мұндай жұмсақ ойыншықтарға енді тыйым салдық”, – дейді анасы.

Джина Роу басқа ата-аналарға да ескерту жасады. Оның сөзінше, балалар интернеттен көрген нәрсесін бір сәтте қайталап көруі мүмкін, сондықтан “менің балам ондайға бармайды” деп ойлау қателік.

“Балаңыз мұны істемейді деп бейқам болмаңыз. Мен де балаларым онлайн-трендтерге ермейді деп ойлайтынмын. Бірақ мұндай жағдай көзді ашып-жұмғанша болады”, – дейді ол.

Скарлет Роу
Фото: Kennedy News and Media

Оқиғадан кейін Tesco компаниясы болған жағдайға өкініш білдіріп, мұндай заттарды ешқашан микротолқынды пешке салуға болмайтынын ескертті. Компания ата-аналарға балаларға арналған тауарлардағы қауіпсіздік нұсқаулығын міндетті түрде оқуға кеңес берді.

Ойыншықты шығарған One for Fun компаниясы да мәлімдеме жасады. Өндіруші өнімнің қыздыруға, микротолқынды пешке салуға немесе қандай да бір жолмен өзгертуге арналмағанын айтты. Компания осы оқиғадан кейін аталған ойыншық пен соған ұқсас өнімдердің қаптамасына қосымша сақтық шарасы ретінде “Қыздырмаңыз” деген ескерту жазуын енгізетінін хабарлады.

Компания өкілдері ата-аналар мен қамқоршыларды балалардың ойыншықтарды қалай пайдаланып жүргенін бақылауға, сондай-ақ әлеуметтік желідегі қауіпті челлендждер мен трендтерге қатысуына жол бермеуге шақырды.

Бұл оқиға әлеуметтік желідегі кез келген тренд қауіпсіз бола бермейтінін тағы бір еске салды. Әсіресе балалар интернеттен көрген әрекеттің салдарын толық түсінбеуі мүмкін. Сондықтан мамандар ата-аналарға балалармен онлайн-контент туралы жиі сөйлесіп, қауіпті тәжірибелердің зардабын түсіндіру маңызды екенін айтады.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 28 Мамыр, 2026 23:24