Зеленский Қытайды Ресейге қару-жарақ жеткізді деп айыптады
Украина президенті Владимир Зеленский Қытайды Ресейге артиллерия мен оқ-дәрі жеткізді деп айыптады. Ол Ресейді Украина инфрақұрылымына соққы жасады деп айыптап, АҚШ президенті Дональд Трампты Сумы қаласына жасаған шабуылына қатысты жауап бермеді деп сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Kacper Pempel/Reuters
Зеленскийдің айтуынша, Украина барлау қызметі Қытайдың Ресейге қару-жарақ, соның ішінде артиллерия мен оқ-дәрі жеткізетінін анықтады.
"Біз Қытайдың Ресейге қару жеткізіп жатқаны туралы ақпарат алдық. Қазір бізде Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен барлау қызметінен артиллерия мен оқ-дәріге қатысты жалпы ақпарат бар. Менің ойымша, келесі аптада бұл туралы толығырақ айтып береміз. Біз қытайлықтар Ресей аумағында кейбір қару түрлерін өндіруге қатысып жатыр деп санаймыз", – деді Украина президенті.
Зеленский Қытай Халық Республикасының президенті Си Цзиньпинмен болған әңгіме кезінде оның Ресейге қару сатпайтыны және тасылмалдамайтынын айтып, уәде бергенін еске салды.
"Алайда, өкінішке қарай, біз мүлде басқа нәрсені көріп отырмыз. Қытай мен Ресейдің қорғаныс қабілетін нығайту саласында қалай ынтымақтасып жатқанын дәлелдейтін деректеріміз бар және бұл жағымсыз фактілер", – деді Зеленский.
Зеленский Ресейдің Украинаға жаппай шабуылдарды жалғастырып жатқанын айтты.
"Ресей шабуыл санын азайтқан жоқ, бұл – олардың стратегиясы. Яғни, олар энергетика нысандарына соққыларды азайтты, осылайша өз әрекеттерін жасырып, Украина энергетикасына шабуылдар азайғандай көрсетуге тырысты. Бірақ шын мәнінде, олар күн сайын дрондар мен баллистикалық зымырандарды бұрынғыдай қолданып жатыр", – деді Украина президенті.
Ол Ресейдің энергетика нысандарына жасалатын шабуылдарды азайтып, енді елдің басқа да азаматтық инфрақұрылымдарына соққы жасап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Зеленский Ресейдің “Украина тарапынан ресейлік энергетикаға шабуыл жасалды” деген мәлімдемесін жоққа шығарды.
"Біз Ресейдің АҚШ-қа жіберген құжатын көрдік. Лавров жіберіпті. Онда біз олардың энергетикасына шабуыл жасадық деп көрсетілген. Бұл шындыққа жанаспайды, олар онда бір нәрселерді жазып, ойдан шығарып жатыр. Бұл тұрғыдан олар өте "шығармашыл", – деді Зеленский.
Сондай-ақ ол АҚШ президенті Дональд Трампты Ресейдің Сумы қаласына жасаған жаппай соққысына қатаңдық танытпағаны үшін сынға алды. Бұл шабуыл салдарынан ондаған бейбіт тұрғын қаза тауып, жарақат алған еді.
"Дональд Трамптың Украина қалаларына жасалған соңғы ресейлік шабуылдарға деген реакциясын АҚШ әкімшілігінің бұрынғы саясатының жалғасы деп есептеймін. Орыстардың Сумыға жасаған арнайы операциясын қате деп атауға болмайды. Бұл – кісі өлтіру және бұл соққы Сумы қаласының дәл ортасына бағытталды. "Фронтқа атамыз деп қателесіп кеттік, кешіріңіздер" деген сияқты ертегілер – бос әңгіме. Зымырандар қала орталығына түсіп жатқанда, бұл әрекеті еш ақтауға келмейді", – деді Зеленский.
Бұған дейін Ресей Украинаға екі рет баллистикалық қарумен соққы жасап, салдарынан 100-ден астам адам жараланып, 34-і қаза тапқан еді.