Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Заттарымды жертөлеге лақтырып жіберген": Желіде прокуратура қызметкерінің басшылығының әрекетіне шағымданған видеоүндеуі тарады

Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Жамбыл облыстық прокуратурасының қызметкері Әлия Қожабекованың басшылығына шағымданған видеоүндеуі тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әйел құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің департаменті қызметкері екенін айтады. Оның айтуынша, департаментте Бірыңғай алдын ала тергеулер реестрінен деректерді өшірім тастау қалыпты жағдайға айналып кеткен. Осыған байланысты Жамбыл облысындағы қылмыстық жағдай туралы нақты статистика бұрмалануда. Сонымен қатар әйел бұған кінәлі тұлғалардың ешқандай жауапкершілікке тартылмайтынын айтады. 

Прокуратура қызметкері бұл әрекеттерге ашық түрде қарсылық білдіргенін, соның нәтижесінде департамент басшылығы тарапынан оған қысым жасалып жатқанын айтты. Әйелдің сөзінше, ол денсаулығына байланысты демалысқа кеткен кезде кабинетінің есігін ашып, жеке және жұмыс заттарын қорапқа салып, жертөлеге апарып тастаған. 

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есептер комитеті қызметкердің үндеуіне қатысты мәлімдеме жасады. 

"TikTok әлеуметтік желісінде Жамбыл облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есептер комитеті департаментінің қызметкері А.Е. Қожабекованың үндеуі таралуда, онда департаменттің қызметтік әрекеттеріне қатысты мәселелер көтерілген. Ішкі қауіпсіздік басқармасы мен жауапты бөлімше бірлесіп, өтініш берушінің дәлелдерін тексеру мақсатында тексеру жүргізді, тексеріс нәтижесінде айтылған деректер расталмады", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында полиция қызметкері өзін декрет демалысына жібермей қойған департамент басшылығын сотта жеңіп шыққаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 22 Сәуір, 2025 20:14
Талқылау