Қазақстандық кәсіпкердің Zara және Oysho брендін пайдаланып, заңсыз киім сатқаны анықталды
Алматы облысында "Zara" және "Oysho" маркалы заттарды заңсыз сатқан жеке кәсіпкерге айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: nypost.com
Сотқа талапты елде тіркелген Zara және Oysho сауда белгілеріне иелік ететін компания берген. Іс материалдарына сәйкес, кәсіпкер заттарды көтерме бағадан төмен бағаға сатып алған. Олардың ішінде осы екі брендпен белгіленген футболкалар, шалбарлар, джинстар, көйлектер мен леггинстер бар. Осылайша кәсіпкер заттарды өз бутигінде сатуға қойған.
Соттың мәліметінше, ол аналогтық брендтерді сатуға лицензия және рұқсат қажет екенін білмегенін айтқан.
Компания мен Әділет департаментінің өкілдері бутиктен құны 2 миллион теңгеден асатын 117 тауарды тәркіледі.
Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі сот жеке кәсіпкерді тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп тауып, 100 мың теңге айыппұл салды.
Кәсіпкер сатылымға шығарған заттарын әлеуметтік желіде де жарнамалаған. Бұл үшін одан 2 миллион теңге өтемақы өндірілді. Кәсіпкер енді желіде жариялаған жазбаларын өшіруге міндеттелді. Жеке кәсіпкер бұл шешімге шағым түсіргенімен, сот оны өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы базарында кәсіпкер HUGO BOSS брендік киімдердің көшірмесін түпнұсқадан 300% арзан сатқан. 8 тамызда Алматы қалалық Әділет департаментінің қызметкерлері "HUGO BOSS" киімдерін заңсыз сатқан саудагердің жұмысын тоқтатқан.