Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлер үшін білім гранты квотасы болған жоқ – Саясат Нұрбек

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің түлектері жоғары оқу орындарына  заңсыз квотамен түсті деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Саясат Нұрбектің сөзінше, грантты бөлу кезінде заңсыздықтар болмады. 

"Өкініштісі, БАҚ-та біршама дұрыс емес ақпарат тарады. Біріншіден, төтенше жағдай квотасы заңсыз деп айтылды. Негізі ондай квота болған жоқ. Заңда квота тек он санатқа бөлінеді. Бұлар: жетімдер, мүгедектер, қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балалары және тағы басқа”, – деді министр. 



Ол су тасқынынан зардап шеккендерге бір реттік жеңілдік берілгенін айтты:

  • Оларға ҰБТ-ға дайындалу үшін қосымша уақыт беріледі;
  • Қаңтар-наурызда тапсырған ҰБТ нәтижелерін де қолдана алды.

Саясат Нұрбек грант мәселесі шешілгенін айтады. 7 мыңнан астам түлек әкімдіктерден, ірі жұмыс берушілерден, Түркиядан және тағы басқа жерден грант иеленді.

"Бүгінде 7799 студенттің гранты бар, олардың мәселесі толығымен шешілді. Бізде әлі резерв бар, қыркүйектің соңына дейін гранттан бас тартып, ақылы бөлімге ауысуы да мүмкін. Басқа ЖОО-ға ауыстыру да белгіленген заңнамалық тәртіпке сәйкес, ҰТО платформасы арқылы ең жоғары балл жинаған талапкерлерге автоматты түрде қайта бөлінеді”, – деді министр.

Талқылау