Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Заңгер: Мемлекет 28 млн теңге бөлген ақынның кеші туралы ешкім білмейді, ал бір тиын алмаған Иманбекті әлем таниды

Қазақстандық заңгер Ержан Есімханов өзінің Телеграм арнасында Иманбектің Грэмми марапаттарындағы жеңісі туралы пікір білдірді. Заңгер адамдарға қарапайым жағдай жасау керек деп санайды.

"Иманбектің жеңісі біздің елдегі адамдар сене алмайтын бір қарапайым нәрсені айқын көрсетті. Қазіргі кезде адамдар шынымен жаңа мұнайға айналды", - деп жазды ол.

Есімханов адамдарға қарапайым жағдай жасау керек деп санайды.

"Олар топ жарып, қалай дегенмен талантын іске асырады, өздері үшін қалыпты өмірді қамтамасыз етеді және басқаларға жетістікке жетуге болатынын көрсетеді", - дейді заңгер.

Ол он жыл бұрын Иманбектің оқиғасын елестету қиын болғанын атап өтеді.

"Оның жеңісі үш компоненттен тұрады - заманауи технологиялар, табандылық пен талант. Қазіргі әлемде керемет туындылар жасау үшін сізге миллиондаған бюджет пен министрлердің қажеті жоқ. Сізге жақсы ағылшын курстары мен жоғары сапалы жылдам интернет қажет. Сонда біздің елде жүздеген Иманбектер болады. Тек музыкада ғана емес, барлық салада - кинода, әдебиетте, өнерде", - деп жазды заңгер.

Заңгер өткен жылдың соңында елбасымен бірге түскен фотосуретімен танымал болған ақын қыз Мақпал Мысаның шығармашылық кеші қалай өткенін еске алды. Бұл кеш бюджетке 28 миллион теңге немесе 65 мың долларға жуық шығын келтірді дейді ол.

"Мен поэзия қажет емес демеймін немесе ақындарға назар аудару керек емес деп отырғаным жоқ. Мен біздің еліміз өнерге осындай ақшаны жұмсауға дайын болса, онда тиімді нәрсеге жұмсалуы керектігін айтқым келеді. Мемлекет ақын қызға 65 мың доллар жұмсаған. Ақынның есімі оның кешіне кеткен шығын үшін танымал болды. Ал мемлекет бір тиын да жұмсамаған Иманбек жайлы енді бүкіл әлем біледі", - деді Есімханов.

Еске салайық, 15 наурызға қараған түні қазақстандық музыкант Иманбек Зейкенов (Imanbek) америкалық орындаушы SAINt JHN-дің "Roses" әніне жазған ремиксі үшін Grammy алғаны белгілі болды. Иманбек "Грэмми" сыйлығына ұсынылған және оны жеңіп алған алғашқы қазақстандық азамат. 

Талқылау