Қазақстанда екінші әйел алуды заңдастыру керек - депутат Абзал Құспан
Фото: Видеодан скриншот
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ербол Сейілханға берген сұхбатында екінші әйел алуды заңды түрде қарастыру керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат өз басы екі әйел алуға қарсы екенін жеткізді.
“Заңдық, құқықтық тұрғыдан келетін болсақ, заңда “де-юре, де-факто” деген ұғым бар, оны барлық заңгер біледі. “Де-юре” бізде екі әйел алуға тыйым салынған, оны бәріміз білеміз. Әрине, жауапкершілік жоқ, бірақ тыйым бар. “Де-факто” шенеуніктер емес, кез келген жағдайы бар азаматтың екінші, үшінші, тіпті төртінші әйелі бар екенін білеміз. Бұл дүниені дін жолында жүрген азаматтардың басым бөлігі қолдайтынын, пайғамбардың сүннеті ретінде қабылдайтынын білеміз. Бірақ пайғамбардың жағдайына келетін болсақ, ол жағдайының жақсы болғанынан, еріккендігінен екінші әйел алмаған. Керісінше, жорық, атыс-шабыстың кезеңінде отбасын асырайтын ер-азаматсыз қалған, жесірлерді асырау үшін жасалынған амал. Қазір көбінікі құтырғандықтың белгісі. Ешкім ағасынан қалған жеңгесін әмеңгерлікпен немесе қазақтың жесір әйелі ғой деп жанашырлықпен алып жатқан жоқ. Байқасаңыз, кілең жас қыздарды алады. Міне, сондықтан мен бұл құбылысқа жан-тәніммен қарсымын. Бірақ мен немесе сіз қарсы екен деп, заңды түрде тыйым бар екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан тоқалдықты заңдастырып, заңмен реттеу қажет деп есептеймін”, – деді депутат.
Абзал Құспанның айтуынша, бұл тақырыпты алдымен қоғамның талқысына салу қажет, әрі қарай заңгерлер жүйесін шығарады.
“Заңда “құқықтық негилизм” деген ұғым бар. Бұл заңның қолжаулыққа айналуы дегенді білдіреді. Елімізде бұл тыйымды ешбір қазақсандық сақтап жатқан жоқ. Заңның тыйымы қолжаулық болмағанда несі қалды?! Сондықтан да мұны заңмен реттеу керек. Бізде әйел құқығын қорғаушылар көп қой, дәл осы тақырыпқа келгенде олардың ұстанымы өзгеріп шыға келеді. Ал әйелдің шынайы құқығын қорғайтын болсақ, тоқал құқықтық тұрғыда мүлде қорғалмаған. Алимент ала алмайды, баланы асырауға дүние алып бер деп заңды түрде талап ете алмайды. Бұған қашанғы көзімізді жұмып отырамыз?”, – деді ол.
Депутат тоқал алу осы себеппен засдастырылуы қажет екенін алға тартты. Оның сөзінше, мәселе тек рұқсат етумен шешілмейді, сонымен қатар құқықтық міндеттері қатар жүреді.
“Мені тоқал алушылардың қатарына қоспауды сұраймын. Бірақ заңгер ретінде “заңмен реттеу қажет деген” пікірімді енгізіп отырмын. Заң бойынша қанша әйел алуға рұқсат етілетінін дәл қазір айту қиындау, өйткені бұл мен сияқты депутат әрі кәсіби заңгер үшін табу тақырып. Бұл бәрі білетін, бірақ білсе де, ресми түрде айтылмайтын тақырып. Бұл табуды қашанғы сақтап отырамыз, мен мұны реттеушілік тұрғыдан айтып отырмын. Ал екеу ме әлде үшеу ме оны қоғам талқылайды. Ал мен бұл мәселені заңмен реттейтін уақыт әлдеқашан жетті деп ойлаймын”, – деді ол.
"Ауруханалар толып қалған": Қазақстандықтар "белгісіз" вирустың таралуына жаппай шағымданып жатыр