Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұят": Жетісу облысының әкімі тұрғынның үйіне заңсыз кіргені үшін сотталған ауыл әкіміне қатысты пікір білдірді

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев тұрғынның үйіне заңсыз кіргені үшін сотталған Ақсу ауылдық округінің экс-әкімінің әрекетіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

исабаев

Фото: Stan.kz 

Бейбіт Исабаев әкімге қатысты үкім шыққан соң қызметінен босатылғанын айтады. 

“Сот шешімі зорлауға қатысты емес, үйге заңсыз кіруіне қатысты шығарылды. Сондықтан олар шартты мерзімге сотталды, бұл – сот шешімі. Менің оған пікір білдіруге құқығым жоқ. Мемлекеттік қызметкердің этика, тәртібіне қатысты айтар болсақ, бұлай болмауы керек. Үкім шыққан соң бірден жұмыстан босаттық. Ұят, бұрынғы әріптесіміздің әрекеті басқа да мемлекеттік қызметкерлер үшін сабақ болуы қажет, соның ішінде аудан мен ауыл әкімдеріне”, – дейді облыс басшысы. 

Журналистер аймақта лауазымды қызметкерлер тарапынан зорлау деректерінің орын алғанын еске салып, аймақтың қауіпсіздігі жайлы сұрап көрген. 

“Облыстық полиция департаментінің басшысы ұзақ мерзімге сотталды. Бұдан кейін кеңес өткізіп қоймай, полиция басшысымен қатар орынбасарлары да қызметінен босатылды. Полиция департаменті, мемлекеттік істер жөніндегі агенттікпен бірге жиын ұйымдастырылды. Ақсу ауылына қатысты айтар болсақ, бұл үшін аудан әкімінің бір орынбасары қызметінен кетті. Үлкен ашық жиын өткізіліп, аудан әкімдігінің бірнеше қызметкеріне тәртіптік ескерту берілді. Сондай-ақ бұл сұрақтарға жауапты менің орынбасарларыма да ескерту жасалды”, – деп қосты Исабаев. 

Еске салайық, Жетісу облысы Ақсу ауылдық округінде түнде жергілікті тұрғынның үйіне заңсыз кіріп, азғындық жасамақ болған әкім мен оның әріптесі бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген еді. 

Талқылау