Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ыстамбұлда Есенберлиннің түрік тіліне аударылған «Көшпенділер» үштомдығының тұсаукесері өтті

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту аясында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қатысуымен қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты трилогиясы түрік тіліне аударылып, басылып шығарылды.

Esenberlin_Ilyas
Бұл туралы елшіліктің баспасөз қызметі хабарлайды.Ұлы Дала елінің тарихын баяндайтын шығарманың тұсаукесерін өткізу мақсатында Ыстамбұлда «Тарихи сана мен әдебиет» тақырыбы бойынша конференция ұйымдастырылды. Іс-шара шығарма авторының 100 жылдығын атап өтумен сабақтастырылды.

Конференция Түркиядағы ең ірі Ыстамбұл университетінде өткізіліп, түрік қоғамдық және академиялық топтардың 100-ден астам өкілінің басын қосты. Қатысушылардың арасында Түркияның басқа да университеттерінің профессорлары, танымал түрік қоғамдық-саяси қайраткерлері, мәдениет өкілдері мен студенттер болды.

Ыстамбұл университеті жанындағы «Түркият» институтының директоры Азми Білгін сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын 2015 жылы атап өту идеясының ғылыми зерттеулерге итермеші күш болып, сондай-ақ тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де қоғамдық резонансқа әкеліп соққаны туралы айта кетті.

«Мен бұны тек Қазақстан халқы үшін ғана емес, жалпы түркі әлемі үшін ерекше іс-шара екен деп білемін. 550 жылдық – бұл тек өткен заман ғана емес, бұл еңсеруді қажет ететін болашақ белес болып табылады. Ал Қазақстан үшін бұл «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға бағытталған мүмкіндік», – деді А.Білгін.

Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаев қазақ жазушысының трилогиясын түрік тіліне аударуда жәрдем көрсеткен тараптарға ризашылығын білдіре отырып, 2015 жылы Қазақстанда Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын атап өту аясында жасалған іс-шаралар туралы әңгімеледі.

Конференцияда сөз сөйлеген басқа қатысушылар да түркітілдес мемлекеттердің тарихы мен мәдени дәстүрін зерттеу жөніндегі бірлескен күш-жігердің қажет екендігін атап өтті.

Талқылау