"Ұсынылған мөлшерлеме тым жоғары": Тоқаев үкіметке қосылған құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуде үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Тоқаев кездесу барысында кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн екенін айтты.
“Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс”, – дейді ол.
Сондай-ақ мемлекет басшысы үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс екенін мәлімдеді.
“Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.