Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ардагерлер кеңесі құрылады: Бағдат Мусин ардагерлермен не үшін кездесті?

26 қарашада Астанада "Қазақтелеком" компаниясы байланыс саласының ардагерлерімен кездесу өткізді. Аталған жиын "Қазақтелекомның" басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің бастамасымен алғаш рет өтіп отыр. Жиында компанияда жылдар бойы тер төгіп, қызмет еткен ардагер қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, 30 жылда атқарылған жұмыстар талқыланды.

қазақтелеком

Фото: “Қазақтелеком” АҚ

Аталмыш шараға тек астаналық ардагер қызметкерлер емес, өзге аймақта байланыс саласының дамуына үлес қосқан азаматтар онлайн режимде қосылып, ізгі тілектерін жеткізді.

Жиында сөз бастаған Бағдат Мусин мұндай жиындардың ұрпақтар сабақтастығына тигізер әсері зор екенін атап өтті. Сондай-ақ адал термен биік жетістікке жеткен жандардың еңбегін ұлықтаудың маңызды екенін айтты.

қазақтелеком

Фото: “Қазақтелеком” АҚ

"Қазақтелекомның" 30 жылдығына орай темірдей төзімділік танытып, адал қызмет еткен сіздерге алғысымды білдіргім келеді. Жақында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей әлемде ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп, оңай табысқа жеткен адамдар кең дәріптеліп жатыр. Шын мәнінде кез келген жетістіктің артында қажырлы жұмыс тұр. 30 жыл бұрын Қазақстан енді тәуелсіздігін алған кезеңде байланыс қолжетімді болмады. Тек сіздердің еңбектеріңіздің арқасында алып компанияға айналдық", – дейді Бағдат Мусин.

Компания төрағасы кездесу барысында ардагер қызметкерлердің арқасында елдегі цифрлық инфрақұрылым пайда болғанын қосып өтті.

"Байланыс пен интернеттің дамуының арқасында адамдар бизнестің жаңа түрлерімен айналысу мүмкіндігіне ие болды. Профессорлар шетелден ақпараттарды емін-еркін алып, студенттер шетелде білім алды. Сіздер секілді жандар цифрлық инфрақұрылымның іргетасын қалады. Қазір "Қазақтелеком" жай инфрақұрылымдық компания емес, біртұтас экожүйеге айналды. Оның ішінде мобильді операторлар, TV+ бар. Осы тұста маған компанияда ардагерлер қауымдастығын құру идеясы келіп тұр. Алдағы уақытта мұны кеңінен талқылап, жүзеге асырамыз деп ойлаймын", – деп сөзін түйіндеді Бағдат Мусин.

қазақтелеком

Фото: “Қазақтелеком” АҚ

Ардагер қызметкерлердің қатысуымен өткен жиында компанияда тер төгіп жүрген жас мамандар да аға ұрпаққа алғыстарын жеткізіп, өз ойларын бөлісті. Сондай-ақ Семей, Шымкент, Орал, Жамбыл облысы, Щучинск секілді аймақтардан онлайн режимде қосылған компанияның өзге де ардагерлері компания басшылығына алғыстарын айтып, ұсыныстарын жеткізді.

"Қазақтелеком" АҚ бұрынғы вице-президенті, экс-сенатор Асхат Кузеков зейнетке шыққанда компанияда еңбек еткенін атап өтті.

"Бүгін үстел басына жиналғандардың барлығы өмірін байланыс саласына арнаған жандар. Мен 1970-жылдары институтты аяқтаған соң жұмысқа орналасып, "Қазақтелекомда" еңбек еттім, осы жерде зейнетке шықтым. 2011 жылы сенатқа сайлансам да, ардагер қызметкердің қатарынанмын. Байланыс саласында 40 жылдан аса тер төктік. Кеңес үкіметі кезінде, еліміз тәуелсіздік алған соң да жұдырықтай жұмыла осы компанияның өркендеуіне үлес қостық. Биыл 30 жылдық торқалы той болып жатыр. 1994 жылы қазіргі "Қазақтелекомның" іргесін салған едік. Бүгінгі жиын үшін басшылыққа алғыс айтамын. Оның үстіне ардагерлер кеңесін құру туралы ұсынысты естіп, қуанып отырмыз", – деді Асхат Кузеков.

қазақтелеком

Фото: “Қазақтелеком” АҚ

Компания ардагерлерінің бірі Болатбек Канафин ұрпақтар сабақтастығының даму жолындағы мән-маңызын айтып берді. 

"Мен 1978 жылы қызметке орналасып, әлі зейнетке шыққан жоқпын. Еңбек жолымда инженер, монтер болып та жұмыс істедім. Кезінде вице-президент лауазымына жетіп, "Астанателекомды", Орал қаласындағы бөлімді басқардым. Кез келген компания өз адамдарымен мықты. Ал адамдар ұрпақтар сабақтастығымен мықты болады. Өскелең ұрпақ жолыңызды қуып, сүйікті компанияңызды алға сүйресе, бұдан асқан бақыт жоқ. Менің де балаларым бұл саладан алыс емес. Меніңше, осы секілді жиындар үлкен тәжірибе сыйлайды. Егер "Қазақтелекомның" басшылығы ардагер қызметкерлерінің басын қосуды ұйғарса, бұл үлкен күшке айналады. Ардагерлер мен жас мамандар біріксе, компанияның алдыңғы қатарлы кәсіпорынға айналары сөзсіз", – дейді Болатбек Канафин.

"Қазақтелеком" қабырғасында өткен жиын соңында Бағдат Мусин ардагерлерді алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлықтарын табыстады. 

Талқылау