"Ұрып-соғып, тұншықтырған": Алматылық әйел қызының өліміне күйеу баласын айыптап отыр
Алматы облысында жас келіншек 6-қабаттан құлап, мерт болды. Қайғылы оқиға 9 наурыз күні Қарасай ауданындағы "Асыл арман" тұрғын үй кешенінде болған. Марқұмның соңында бір жасар баласы қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ZTB
Марқұмның анасының айтуынша, қайғылы жағдайға отбасындағы зорлық-зомбылық себеп болған. Әйел сот-медициналық сараптама қорытындысымен келіспей, қызының денесін алудан бас тартып отыр.
20 жастағы Ажар екі жыл бұрын сыныптасына тұрмысқа шыққан. Бірақ анасы қызының отбасылық өмірі қорқынышты болды дейді.
“Оны үнемі ұрып-соғатын. Күйеуі анасымен бірге арақ ішетін. Екеуі қызымды әбден қорлады. Бір күні ол қызымды есін жоғалтқанша ұрып-соқты. Үнемі тұншықтырып, ұратын, менде дәлел бар. Қызымның жіберген фотолары бар. Бұл жолы мереке қарсаңында не болғаны белгісіз. Бұл істің соңы өліммен аяқталды”, – дейді марқұмның анасы.
Марқұм Ажардың әпкесі күйеу баласының Қарақалпақстаннан келгенін, бірақ құжаты болмағанын айтты. Олар 2023 жылдың тамыз айында үйленіп, Ақтауда біраз уақыт тұрған екен.
Марқұм Ажар әпкесіне, күйеуінің ұрып-соққанын айтқан. Тіпті есірткі қолданатынын жеткізген. Оның сөзінше, қайғылы оқиға күні пәтерде күйеуі мен қайын енесі болған. Оқиға туралы алғаш кім хабарлағаны белгісіз.
Марқұмның әпкесінің айтуынша, сіңлісінің денесін мәйітханаға жеткізген кезде күйеуі адвокат тауып үлгерген.
Әпкесі бейнебақылау камерасына түсірілген кадрлар көрсетілмегенін айтты.
Полиция департаменті бұл істі суицидке жатқызатынын айтты. Дегенмен соңғы қорытындыға сараптама жасалатынын, оның нәтижесін келесі күні жариялайтынын мәлімдеді.
Ажардың күйеуінің сөзінше, әйелі 6-қабаттан өзі секірген. Бірақ оның отбасы мен достары бұл нұсқаға сенбейді.
Алматы облысы полиция департаменті оқиғаны растады.
"Қазір қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.
Басқа мәліметтер әзірге тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте ер адам әйелін ұрып-соғып, терезеден лақтырып жібергені туралы жазған едік.