Ұлттық құрылтайдың V отырысының Қызылордада өтуі: Сыр өңірі жұртшылығы алғыс білдірді

2026 жылғы 20 қаңтарда Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланған бұл алқалы жиынның дәл осы өңірде ұйымдастырылуы – жергілікті жұртшылық үшін зор мәртебе болды.
Құрылтай отырысынан кейін өңірдің зиялы қауым өкілдері мен жастар Мемлекет басшысына алғысын білдіріп, арнайы хат жолдады.
"Аймақ халқы Сіздің ұлттық бірлікті нығайтуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған сындарлы саясатыңызды әрдайым қолдап келеді. Құрылтай барысында Қызылорда облысының соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға беруіңіз Сыр жұртшылығына үлкен сенім мен жігер сыйлады. Бұл – ынтымағы жарасқан өңір халқына көрсетілген лайықты қолдау әрі еңбектің әділ бағасы деп қабылданды", – делінген хатта.
Сонымен қатар хатта Президенттің өңірге берген нақты тапсырмалары да атап өтілген:
- Қызылорда қаласынан Президенттік кітапхана ашу
- Жаңа драма театр салу
- 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салу
- "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе арасын төрт жолақты етіп кеңейту
- Биыл "Бейнеу – Сексеуіл" жолының құрылысын бастау
- Кіші Аралдың су көлемін арттыру үшін Көкарал бөгеті жобасын жүзеге асыру
"Сізге барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды, зор ризашылығымызды білдіреміз. Біз Сіздің әділетті, қуатты, қауіпсіз әрі таза Қазақстанды орнықтыру бағытындағы барлық бастамаларыңызды қолдаймыз! Егемен еліміздің дамуы жолындағы ерен еңбегіңізге табыс, деніңізге саулық пен күш-жігер тілейміз!" – делінген хатта.
Алғыс "Қазақстанның Еңбек Ерлері", "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері", еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихат төрағасы, "AMANAT" партиясының облыстық филиалының төрағасы, ассамблея өкілдері және жастар тарапынан білдірілді.