Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлттық қор – балаларға": Отбасы банк ортақ игі іске қалай үн қосады 

"Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті" деген ақжолтай ақпарат шартарапқа тарап, жалпы жұртты қуантып жатыр. Дәл осы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордан әр балаға қаражат бөлінетін заңға қол қойды. Қаражатты баспана алумен қатар алдағы уақытта білім алуға да жұмсауға болады. Осы ретте 500 мыңға жуық отбасына баспана алуға қолдау көрсеткен Отбасы банк те жобаға атсалысқалы отыр. Банктің игі іске қалай үн қосатынын бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында қаржы құрылымының басшысы Ләззат Ибрагимова айтып берді.

Отбасы банк – уәкілетті оператордың бірі

Ләззат Ибрагимова еліміздегі әрбір отбасының, қазіргі және болашақ ұрпақтың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін үлкен маңызды жайт ретінде "Ұлттық қор – балаларға" бірегей жобасын ресми түрде іске қосу туралы заңға Мемлекет басшысының қол қоюын атап өтеді. Жобаның мән-маңызы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланғаны белгілі. 

Жоба аясында Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз мақсатты жинақ шоттарына аудару ұсынылып отыр. Осылайша, әрбір отбасы елдің ұлттық ресурстарынан нақты пайда алады. Яғни 2024 жылдың ақпан айынан бастап 18 жасқа толған жобаның алғашқы қатысушылары өз төлемдерін алады.

Алынған жинақты екі мақсатқа – тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсауға болады.

"Отбасы банк бұл жобаға уәкілетті операторлардың бірі ретінде қатысады. Бұл бағытта бізде үлкен тәжірибе бар, тіпті жобаны қашықтан, онлайн режимінде жүзеге асыруға дайын платформа да жұмыс істеп тұр. Ол enpf-otbasy.kz деп аталады. Миллионға жуық қазақстандық осы платформаны пайдаланып, зейнетақы жинақтарын кезекте тұрмай, артық әбігерсіз нысаналы мақсаттарға қолданып келеді", - дейді Ләззат Ибрагимова.

2 000 000 теңгелік сыйлық сертификаттары беріледі

Қазақстанның 20 миллионыншы азаматтары атанған Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келген балалардың ата-аналарына Отбасы банк ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) сыйлық сертификаттарын табыс етеді.
Ұлттық статистика бюросының сайтында хабарланғандай, 3 ұл мен 2 қыз еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Олар 2023 жылы 14 қарашада таңғы сағат 8:10-да дүниеге келген.

“Біздің сыйлық сертификатымыз жай ғана сыйлық емес, ол бүгіннен бастап бүлдіршіндердің болашағын құруға мүмкіндік береді. Бұл қаражат еліміздің жаңа туған азаматтары үшін жеке баспана сатып алудың алғашқы қадамы болмақ. Қазіргі уақытта Отбасы банкінде 18 жасқа дейінгі балалардың атына ашылған 300 мыңға жуық депозит бар. Біздің банкте балалардың аттарына ашылған депозиттер өте қолжетімді несиеге айналған табысты мысалдар да бар. 18 жасқа толған Отбасы банкінің 200-ге жуық клиенті тұрғын үй заемын алып, жеке үйлі немесе пәтерлі болып үлгерді. Сонмен қатар алдағы уақытта ата-аналардың балалар депозиттерін білім алу мақсатына жинақтау мүмкіндігі де болады. Жас қазақстандықтарға бақыт, бейбітшілік және жарқын болашақ тілеймін! Отбасы банк сізге қолдау көрсетіп, баспана мәселесін шешуге ат салысуға дайын", – деді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

5 жасқа дейінгі балаларға 50 мыңнан астам жинақ шоты ашылған

Ресми есепке сүйенсек, Отбасы банкінде балаларға арналған 300 мыңға жуық депозит бар. 5 жасқа дейінгі балаларға 50 мыңнан астам жинақ шоттары ашылды. Ал 1 жасқа дейінгі ең кішкентай салымшыларымыздың атына ашылған 12 700-ден астам депозит жұмыс істеп тұр. 

"Жас салымшылардың депозиттеріне де 2% банк сыйақысы мен 20% мемлекеттік сыйлықақы (200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомаға) төленеді. Қоса есептегенде бұл депозитке 14%-ға дейінгі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін береді. 18 жасқа толған кезде банк салымшылары бұдан да қомақты бонус алады – олар жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша тұрғын үй заемын алуға өтініш бере алады (ЖТСМ 3,6%-дан бастап)", – деді банк басшысы.

Талқылау