Ұлттық компаниялар пайдаланбаған қаражатты жыл соңында бюджетке қайтарады
Фото: pixabay.com
Қазақстанда пайдаланылмай қалған бюджет қаражатын қайтару механизмі бекітілді. Енді квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жарғылық капиталды қалыптастыруға немесе ұлғайтуға бөлінген қаржы пайдаланылмаған болса, жыл соңында бюджетке қайтарылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, тиісті норма 15 наурызда президент қол қойған жаңа Бюджет кодексінде бекітілген.
"Бұл қадам мемлекет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ұлттық компаниялардың шоттарында "бос жатқан" қаржы бюджетке қайтарылады. Нәтижесінде қаражат анағұрлым маңызды және шұғыл міндеттерге, мысалы, ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталуы мүмкін", – делінген жоғары аудиторлық палата хабарламасында.
Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл бюджет қаражатын мақсатсыз немесе тиімсіз пайдалану тәуекелін азайтуға, ашықтық пен есептілікті күшейтуге мүмкіндік береді.
"Квазимемлекеттік сектор ұйымдары бөлінген ресурстарды жоспарлау мен жұмсауға жауаппен қарайды, себебі пайдаланылмаған қалдық енді жыл соңында міндетті түрде қайтарылуға тиіс", – делінген хабарламада.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
