Шекара қызметіндегі иттердің құрғақ азығына бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінген: Алайда ҰҚК оны жоққа шығарып отыр

Мемлекеттік сатып алулар сайтында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіндегі иттердің құрғақ азығына 3 миллиард теңге бөлінгені туралы құжат жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжатта үш лоттың құны қосылған құн салығын қоспағанда 3 миллиард теңге деп көрсетілген. Алайда мемлекеттік сатып алу сайтында сатып алынған құрғақ азықтың көлемі мен сипаттамалары жоқ. Сондай-ақ әлеуетті жеткізушілер тізімінде 127 компания тұрғанына қарағанда тауарды жеткізуге таласқандар көп және бағаны төмендетуге мүмкіндік болған тәрізді.
Фото: Мемлекеттік сатып алулар сайты
Осыған қатысты Stan.kz редакциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сұрау жолдады. Ведомство құрғақ жемге бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінді деген ақпаратты жоққа шығарды.
“Қызметтік иттерге арналған құрғақ азықты 3 миллиард теңгеге сатып алу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Мемлекеттік сатып алулар сайтында конкурс жарияланған кезде белгілі бір техникалық талаптар қолданылады. Ерекше тәртіппен өткізілетін мемлекеттік сатып алулар қағидаларына сәйкес, конкурс сомасы порталға мөлшері бойынша шектеу енгізеді. Яғни, ұйымдастырушы 1 миллион, 10 миллион, 100 миллион немесе 1 миллиард теңгеге дейінгі аралықта, сома мөлшерінің бірін таңдайды. Егер сатып алынатын тауардың нақты құны 100 миллион теңгеден сәл ғана асса (мысалы, 101 миллион теңге), портал автоматты түрде оны 1 миллиард теңге деп көрсетеді. Соның салдарынан конкурс сомасы шын бағасынан әлдеқайда жоғары болып көрсетілген”, – деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Ведомстводағылар ресми жауабында осылайша 3 миллиард теңге туралы ақпарат тарап, қоғамда жаңсақ түсінік қалыптастырған деп отыр. Сондай-ақ олар қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алулар сайтының жұмысына тиісті өзгерістер енгізгенін атап өтті.
Ал құжатта көрсетілмеген құрғақ азықтың көлемі мен тауардың сипаттамасының не себепті жарияланбағанын түсіндіруден бас тартты.
“Ұлттық қауіпсіздік комитетінің конкурсына келсек, іс жүзінде сатып алу үш лоттан тұрады. Әр лоттың құны шамамен 100 млн теңгеден аспайды. Ал сұрау хатында көрсетілген өзге мәліметтер ашықтығы шектеулі ақпаратқа жатады”, – деплінген ҰҚК жауабында.
"Төрт жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған": Сарапшы Шарлапаевтың "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына тағайындалуын сынға алды