Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте аудандық полиция басқармасының басшысы 20 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды

Фото: facebook.com/adal.advokat.kensesi

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін БАҚ-та Шымкенттегі аудандық полиция басқармаларының бірінің басшысы аса ірі көлемде, 20 миллион теңге көлемінде пара алу кезінде ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Арнайы операцияны ҰҚК-нің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері жүргізген.

ҰҚК өкілдері қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

“Аталған дерек бойынша ҰҚК тарапынан сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды”, – делінген жауапта.

Фото: t.me/kozachkow

Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының басшысы ұсталғаны туралы ақпаратты күдіктінің адвокаты Талғат Есімов те растады. Сонымен қатар заңгер бұл жағдайды арандату деп бағалап, өз қорғауындағы азаматтың кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.

"28 желтоқсанда ҰҚК департаментінің cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қызметкерлері ұстаған Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының басшысы Батыр Мырзакелдиевтің мүддесін қорғауға кірістік. Бұл ақпараттың БАҚ-та біржақты таралуына байланысты, қорғау тарапының ұстанымын жариялауды қажет деп санаймыз”, – деді Талғат Есімов.

Заңгердің айтуынша, Мырзакелдиев пара алғанын үзілді-кесілді жоққа шығарған.

“Біздің пікірімізше, бұл өзге адамдар тарапынан жасалған арандатушылық әрекет. Мақсат – Шымкент қаласының басқа бір аудандық полиция басқармасында іс жүргізіліп жатқан тұлғалардың қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруы. Пара алу туралы сөз болып отырған жоқ. Тергеу барысында барлық мән-жай анықталып, тиісті шешімін табатынына сенімдімін", – деді адвокат.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда полиция полковнигі 200 мың теңге пара алып, қызметінен айырылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 19:46