Ұлттық банк жоғары базалық мөлшерлемені сақтауды көздемейді - Тимур Сүлейменов
Фото: Ұлттық банк
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық банк жоғары базалық мөлшерлемені сақтап қалуды көздемейтінін мәлімдеді. Ол бұл туралы YouTube-тағы "Taldau Talks" подкастында айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сүлейменовтың айтуынша, Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты еліміздің салық-бюджет саясатына байланысты анықталады.
Подкаст барысында ол ақша-кредит саясатының қатаңдық деңгейі инфляцияның деңгейі мен халықтың инфляциялық күтулеріне байланысты айқындалатынын мәлімдеді.
Сүлейменовтың айтуынша, 2026 жылы фискалдық саясат (салық саясаты мен мемлекеттік шығыстар) қатаңдатылады. Ұлттық банк бұл өзгерісті бұрыннан күтеді. Бұл шаралар бюджет тапшылығын және Ұлттық қордан берілетін трансферттерді азайтуға, яғни инфляцияны төмендетуге ықпал етеді.
Сүлейменовтің айтуынша, ақша-кредит саясаты мен салық-бюджет саясаты бірге жұмыс істейді. Егер мемлекет экономикалық өсуді ынталандыру мақсатында белсенді шығындар саясатын жүргізсе, Ұлттық банк бұл процесті теңгеру үшін ақша-кредит саясатын қатаңдатуы керек. Ал егер, керісінше, фискалдық саясат қатаңдатылса, онда ЖІӨ-нің төмендеуіне жол бермеу үшін Ұлттық банк саясатын жұмсартуы тиіс.
"Көп жағдайда халықта, кәсіпкерлерде, сарапшылар мен тіпті депутаттарда да Ұлттық банк жоғары базалық мөлшерлемені сақтағысы келеді деген пікір қалыптасады. Бізге жоғары мөлшерлеме ұстау мүлде қызық емес. Біз белгілі бір қысым жағдайында жұмыс істейміз, бірақ біздің басты мақсатымыз – тұрақтылықты қамтамасыз ету", - деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, Үкімет пен кез келген орталық банктің басты міндеті макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, бұл – "өнер".
"Мұнда бастысы нәтижені дәл қазір көрсету емес, ұзақ мерзімде тұрақты нәтижеге қол жеткізу. Экономикалық даму дегеніміз – бір сәттік секіріс емес, жүйелі әрі дәйекті қозғалыс. Бұл – спринт емес, марафон", - деді ол.
Сүлейменов қазіргі салық жинауды күшейту, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру, сондай-ақ жанармай мен коммуналдық қызмет тарифтерін уақытша тоқтату шаралары инфляцияға әсер ететінін, соның арқасында Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендете алатынын айтты.