Ұлттық банк тұтынушылық несиелерді азайту үшін банктерге жаңа талап енгізбек
Ұлттық банк халыққа несие беретін банктер үшін капитал жеткіліктілігінің қосымша нормативтерін яғни қауіпсіздік жастығын енгізетінін хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҚР Ұлттық банктің баспасөз қызметі
ККБ – бұл банктердің белгілі бір экономикалық секторлар үшін дағдарыс жағдайында пайдалануға міндетті ақша қоры. Аталған буфер халықты несиелендіруге қатысты енгізіледі және халықты кредиттеу сегментінде тәуекел өлшенген активтердің 2%-ы мөлшерінде белгіленеді.
Бұл ретте, екінші деңгейлі банктер аталған талапты 2026 жылғы 1 сәуірден бастап орындай бастайды. Осылайша, банктерге капиталды жинақтау және жаңа секторлық ККБ талаптарын орындау үшін 12 айлық өтпелі кезең беріледі. Бұл талап банктер үшін қолданыстағы жеткіліктілік нормативіне қосымша ретінде енгізіледі.
"Қазіргі уақытта банк секторының жағдайы тұрақты деп бағаланады: өтімділік қоры жеткілікті, кредиттік портфельдің сапасы жоғары, капитал деңгейі жеткілікті және кірістілік көрсеткіштері тұрақты. Алайда, халықты кредиттеу нарығында "қызып кету" белгілері байқалады, бұл кредиттеудің басқа бағыттармен салыстырғанда жеке тұлғалардың кредиттік портфелі қарқынды өсіп келе жатқанымен дәлелденеді”, – делінген хабарламада.
Осылайша, соңғы үш жылда халықты кредиттеу көрсеткіші жылына орта есеппен 27%-ға өссе, жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнесті кредиттеу қарқыны орта есеппен 17%-ды құрады. Халықты кредиттеудің негізгі өсіміне орташа мөлшерде жылына 31%-ға өскен тұтынушылық кредит беру көрсеткіші ықпал етті.
"Секторлық ККБ қалыптастыру банк секторының болашақтағы ықтимал дағдарыстық құбылыстарға төзімділігін арттырады. Сонымен қатар, жоғары кірістілік көрсеткіштері мен берілген өтпелі кезең банктерге секторлық ККБ талаптарын ішкі ресурстар есебінен орындауға мүмкіндік береді. Ұлттық Банк жүйелік тәуекелдерді бақылай түседі және қажет болса, буфер параметрлерін өзгеріп жатқан жағдайларға сәйкес бейімдейді”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы қаражатына доллар сатып алуға қайта бастамақ.