Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк қазақстандықтардың несие алуын қиындатпақ: Жаңа ережелер

Фото: depositphotos.com

Ұлттық банк 3–5 жыл мерзімге берілетін кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша қарыз жүктемесінің коэффициентінің (ҚЖК) ең жоғары мәнін 0,25 деңгейінде шектеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев айтты. 

Бұл норма іске асса, азаматтардың ай сайынғы төлемдері олардың табысының 25%-ынан аспауы тиіс. Яғни, қазақстандықтар несиені тек ай сайынғы төлемдері жалақысының төрттен бірінен аз болған жағдайда ғана ала алады.

Жамаубаевтың айтуынша, бұл шектеу сондай-ақ соңғы 12 ай ішінде 90 күннен астам мерзімге кешіктірілген төлемі бар қарыз алушыларға да қолданылады. Қазіргі уақытта мұндай несиелер бойынша қарыз жүктемесі коэффициенті 0,5 деңгейінде.

Тұтынушылық несие беруді шектеу үшін қабылданған шаралар: 

•    Онлайн микронесиелер рәсімдеу кезінде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап биометриялық сәйкестендіру және ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) қолдану міндетті болады.

•    Азаматтар өз еркімен несие алудан бас тарту туралы өтініш бере алады. Бұл жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдары мұндай адамдарға несие рәсімдей алмайды.

•    Егер сот несие клиенттің қатысуынсыз, алаяқтық жолмен рәсімделгенін анықтаса, онда клиенттің қарызды өтеу міндеттемесі жойылады.

•    Банктер мен МҚҰ енді несие өтінімдері туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде кредиттік бюроға жолдауға міндетті. Бұрын кей азаматтар бір күнде бірнеше банктен несие алып үлгеретін.

•    "Суыту мерзімі" енгізілді – тұтынушылық онлайн несие бойынша қаражат клиентке тек 24 сағат өткен соң аударылады.

•    Кейбір азаматтар (мысалы, 21 жасқа дейінгі жастар, 55 жастан асқан адамдар, алғаш рет несие алушылар) несие алу үшін "электрондық үкімет" порталы арқылы келісім беруі тиіс.

Сонымен қатар, Ерулан Жамаубаев Ұлттық банктің Антифрод-орталығы құрылғаннан бері 105 461 алаяқтық оқиға тіркеліп, 2,3 млрд теңге сомасындағы операциялар дер кезінде бұғатталғанын хабарлады.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 20 Қазан, 2025 17:14
Талқылау