Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырды

Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық банк мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3% болып, Ұлттық банктің болжамына сәйкес келді. Инфляцияның қалыптасуына азық-түлік компоненті (13,5%) көп үлес қосты. Оның құрылымында ет пен май бағасының шарықтауы өндіріс шығындарының өсуіне және жоғары экспорттық жеткізілімдерге негізделген. Азық-түлікке жатпайтын инфляция соңғы айларда айырбастау бағамының нығаюына байланысты біршама төмендеген (11,1%). Ал реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің әкімшілік шараларға байланысты төмендеуі салдарынан ақылы қызметтер бағасының өсу баяулаған (12,0% дейін).


Не себепті Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырды?


Сүлейменов: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2026 жылдан бастап төмендете бастайды


“2025 жылы желтоқсанда айлық инфляция біршама жеделдеп, 0,9% болды. Базалық инфляция 0,8% деңгейінде – жоғары қалпында қалды. Инфляция бұрын күйінде ұсыныс мүмкіндігінен асып түсетін орнықты ішкі сұраныс жағдайында қалыптасып отыр. Тарифтік реформаның және жанар-жағармай нарығын ырықтандырудың қайталама әсері күтулер мен бағаларға әсер етті. Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері өсіп (14,7%), құбылмалы күйінде қалды. Инфляция бойынша нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылға жасаған күтулері де 10,8%-ға дейін біршама өсті”, – делінген хабарламада. 

Ұлттық банк мәліметінше, азық-түліктің әлемдік бағасы соңғы айларда аздап төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр.

“Дәнді дақылдар мен қант бағасы өсу қалпында. Ресейде инфляция қатаң ақша-кредит шарттарына байланысты бәсеңдеп, ЕуроОдақта тұрақты түрде төмендеді. АҚШ-та ФРЖ сауда саясатына байланысты инфляциялық тәуекелдер өсіп, мөлшерлеме біртіндеп төмендеп келеді. Геосаяси шиеленіс күшейе түсті. Бұл белгісіздікті күшейтіп, мейілінше жоғары инфляциялық жағдайды қалыптастыруы мүмкін”, – делінген мәлімдемеде. 

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерген еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 13:26