Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Осы көрсеткіш 2025 жылдың қазан айынан бері сақталып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан Ұлттық банкі жанындағы Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде, ±1 пайыздық тармақ дәлізімен өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады.
Ұлттық банк мәліметінше, 2026 жылы ақпанда жылдық инфляция 11,7%-ға дейін төмендеген. Қаңтарда бұл көрсеткіш 12,2% болған.
Бағаның өсу қарқыны барлық негізгі санаттар бойынша баяулаған:
- азық-түлік тауарлары – 12,7%,
- азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 11,6%,
- ақылы қызметтер – 10,8%.
Инфляцияның төмендеуіне қатаң ақша-кредит саясаты, теңгенің нығаюы және тұтынушылық несиелеудің баяулауы әсер еткен. Сонымен қатар артық өтімділікті қысқарту шаралары, Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы бірлескен саясаты және коммуналдық қызметтер мен жанармай бағасына қойылған мораторий де ықпал еткен.
Соған қарамастан, 2026 жылы ақпанда айлық инфляция 1,1% болып, аздап жеделдеген. Базалық инфляция 0,8% деңгейінде қалыптасты.
Алдағы бір жылға халықтың инфляциялық күтулері 13,7%-ға дейін төмендеген. Бірақ әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Ұлттық банк болжамына сәйкес, 2026 жылы инфляция 9,5–11,5% аралығында болады. 2027 жылы ол 5,5–7,5%-ға дейін төмендеуі, ал 2028 жылы 5% нысаналы деңгейге жақындауы мүмкін.
Сонымен қатар 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 3,5–4,5% деңгейінде болмақ. Егер инфляция тұрақты түрде баяулап, жаңа инфляциялық тәуекелдер туындамаса, 2026 жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі қаралуы мүмкін.
Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімі 2026 жылы 24 сәуірде жарияланады.
"Беларусьтен, тіпті Аргентинадан келеді": Неге Қазақстан өз етімен өзін толық қамтамасыз ете алмай, шетелден ет сатып алады?