"Ұлтын, дінін, тілін бөліп жармаймыз": Жұлдыз Әбдікәрімова Париж Олимпиадасына қатысты пікір білдірді
Отандық актриса Жұлдыз Әбдікәрімова Париж Олимпиадасына қатысты ойын айтып, пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial/
Айта кетейік, 26 шілде мен 12 тамыз аралығында Парижде өтетін Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан 25 спорт түрінен 80 спортшы бақ сынайды.
"Намысқа шапсаң – алысқа шабасың! Асыға күткен, төрткүл дүние түгел көз тіккен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары ел үшін сәтті басталды. Иә, мен спортшы емеспін. Бірақ бұл доданы 6 жасар баладан бастап еңкейген қартқа дейін тамашалайды. Неге? Себебі бәсеке байрақты. Бұл жолы Парижге елден 80 спортшы кетті. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия иеленген еді. Ол жолдамаға қол жеткізу үшін жылдар бойы қанша тер төгілді”, – деп жазды актриса.
Сондай-ақ мемлекет басшысының сөзінен де мысал келтіріп, онымен толық келісетінін айтты.
“Президент "Олимпиада ойындарының құндылықтары қарапайым спорт жетістіктерінен асып түсетінін" айтты. Мен онымен толық келісемін. Қарапайым көрермен, ана, Қазақстан азаматы ретінде мынадай ой келді. Байқайсыз ба, сол 80 спортшының ұлтын, дінін, тілін бөліп-жарып жатқан ешқайсымыз жоқ. Қандай киім киіп, не жеп-ішкенінде де шаруамыз жоқ. Тек барлығы да бірдей қазақстандық спортшылар екеніне жылимыз. Себебі осы жарысқа бару үшін, жолдама алу үшін олардың жасаған еңбегі бәрінен де бағалы”, – деп ойын бөлісті өнер иесі.
Еске салайық, Данияр Шамшаев Сметов пен Қырғызбаевтың жеңісті жолын жалғастыра алмаған еді.
Бұған дейін, Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстанға алғашқы алтынды әкелгенін жазған едік.