Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысының орталығында әлемдік деңгейдегі геологиялық кластер ашылды

Жезқазғанның іргесінде орналасқан Қабанбай батыр шағын ауданында әлемдік деңгейдегі алғашқы геологиялық кластер ресми түрде іске қосылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев геология саласын экономиканың негізгі тіректерінің бірі деп бірнеше рет атап өткен. Ол жер қойнауын кешенді зерттеп, кен өндірісін басқару жүйесін жаңғыртуды тапсырған болатын. Жезқазғанда іске қосылған геологиялық кластер – осы тапсырмаларды іске асыруға бағытталған бастамалардың бірі. 

Геологиялық кластердің ашылу салтанатына Мәжіліс және Сенат депутаттары, отандық ғалымдар, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Қазақмыс корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев қатысты. Арнайы аймақта алдымен қонақтарға геологиялық кластердің әлеуеті баяндалды. Одан әрі қонақтар нысан ішімен танысты. Орталықта орнатылған заманауи зертханалық жабдық – әлем бойынша тек жеті ғылыми орталықта қолданылады. Ал кластердің өзі Орталық Азия бойынша ең ауқымды әрі алғашқы геологиялық нысан. Ғылыми-зерттеу мен өндірістік талдаулардың бәрі осы нысанда шоғырланған. Ауқымды жобаны жүзеге асыруға "Қазақмыс корпорациясы" 11 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйған. Құрылысты отандық "Tansu Construction" компаниясы жүзеге асырды.

Кластер құрамында еліміздегі ең ірі керн сақтау қоймасы бар. Мұнда 200 мың қума метрге дейін керн сақталып, геологиялық деректердің ұлттық мұрағаты қалыптасады. Бұл барлау кезіндегі тәуекелді азайтып, нақты геомодель құруға сеп болады. Зертханалық блок австралиялық ALS компаниясымен бірлесіп жасалған, бұл геохимиялық деректердің халықаралық стандартқа сай болуына кепілдік береді. Сондай-ақ, Германияның Ancorelog технологиясы мен жасанды интеллектке негізделген LithoLens жүйесі қолданылады. Кешенді технологиялар кен орындарын болжау дәлдігін жақсартады. Кластерді "Kazakhmys Barlau" ЖШС басқарады. 

Іс-шара конференцияға ұласты. Алғы сөз алған Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жұртшылықты геологиялық кластердің ашылуымен шын жүректен құттықтап, бұл – тек біздің өңір ғана емес, еліміздің тұтас геология саласы үшін тарихи бет бұрыс. Өңірдің экономикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадамның дәл осы Ұлытау жерінде жасалуы – барлығымыз үшін зор мәртебе деді.

“Бүгін біз қолданысқа беріп отырған жаңа кластер – ұлы ғалымның аманатындай. Қаныш Сәтбаев негізін қалаған ғылыми мектепті жаңа технологиялық деңгейге көтеретін орталық болмақ. Жезқазған топырағында ғылымның қайта тамыр жаюы – Сәтбаев есімімен сабақтас рухани жалғастық, әрі өңірдің жаңа тарихи кезеңге қадам басуы. Осы игілікті істі жүзеге асыруға үлес қосқан "Қазақмыс" корпорациясына, оның ішінде "Kazakhmys Barlau" компаниясына ерекше алғысымды білдіремін. Бұл – өңір болашағына салынған маңызды инвестиция, Жезқазғанның даму әлеуетін арттыруға жасалған нақты қадам.

Геологиялық кластер – жай ғана өндірістік кешен емес. Бұл – ғылым, тәжірибе және озық технологияны тоғыстыратын жаңа буын орталығы. Жоба өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жас мамандарды оқытуға, ғылыми зерттеулерді тереңдетуге және минералдық-шикізат қорын қайта жаңғыртуға зор мүмкіндік береді. Мұнда әлемнің әр түкпірінен зерттеушілер келіп, тәжірибе алмасып, ғылыми-техникалық прогрестің жаңа бағыттары игеріледі .",-деді аймақ басшысы Дастан Рыспеков.

Ал "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев Қазақстан геологиясын дәлірек, жедел, әрі технологиялық тұрғыдан озық ететін инфрақұрылым ашып отырғанын сөз етті. 

“Бастапқы деректерді сақтау, зертханалық талдау, цифрлық өңдеу және мамандарды оқыту – осының барлығы бір алаңға біріктірілді. Бұл – еліміздің минералдық-шикізат базасын тұрақты дамытуға қызмет ететін жаңа деңгей. Өзге өңірлерден және шет елдерден үздік ғалымдар шақырылады”, – деді Нуриев.

Ол әрі бұл нысанда жас мамандарға арналған кампустар бой көтеретінін атап өтті. 

Сонымен қатар іс-шараға отандық ғалымдар мен мәжіліс депутаттары қатысты. Парламент Сенатының депутаты "Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры" қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы мұны геологтарға жасалған сый деп білемін деді. Сондай-ақ оның ашылуына мұрындық болған Қазақмыс корпорациясына алғыс айтты.

“Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Ұлытау атырабын өркендету менің өмірлік арманым депті. Шын мәнінде сол арманның жалғасы ретінде бүгінгі күні осындай цифрлық инфрақұрылымның салынуы жасанды интеллект дәуірінде заманға сай тамаша геологиялық кластердің ашылуы бұл шын мәнінде өте қуантарлық жағдай", – деп сөзін түйіндеді ол.

Ал Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин:

"Шынында да бүгін тарихи күн деп есептеймін. Бұл – Қ.Имантайұлыныңы жұмысының жалғасы. Ғылым күнде көтеріліп жатқан финиш сияқты дамып жатыр. Оның ішінде геология саласын жаңа бағыттарын көзімізбен көріп жүрміз. Енді мемлекеттің құзыретінде бүкіл геологиялық ақпарат болады", – деді.

Геологиялық кластер Жезқазғанның ғылыми-өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Жоба Қаныш Сәтбаевтың мұрасын жалғастырып, заманауи геологиялық мектептің дамуына серпін бермек. Кластер базасында Colorado School of Mines-пен бірлескен зертхана жұмыс істейді. Іске қосу-реттеу жұмысын, техникалық қызмет көрсетуді және сертификатталған жөндеуді "Qazaq Geophysics" ЖШС мамандары жүзеге асырады. Зертхана елдің ғылыми-зерттеушілік әлеуетін дамыту үшін құрылған. Мұнда геофизика, аспап жасау және робототехника салаларының білікті мамандары даярланады. Ал оқу-әдістемелік блок болашақта құрылатын Ұлытау университетімен біріктіріледі. Осылайша университет түлектері бірден үш дипломға яғни университеттің өз дипломы, Satbayev University және әлемдегі алғашқы Colorado School of Mines филиалының дипломына ие болады.

"Бес жыл бойы біз ғылымды, білім мен өндірісті біріктіретін жоғары технологиялық хаб құрумен айналыстық. Жобамыз әлемнің жетекші геологиялық орталықтарының тәжірибесіне негізделген және саланың халықаралық көшбасшыларымен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылып жатыр. Құрылған кластер барлаудың заманауи әдістерін енгізуге, жаңа құзыреттерді дамытуға және Қазақстанның геологиялық саласының болашағын айқындайтын кәсіби орта қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деді "Kazakhmys Barlau" ЖШС Бас директоры Ғалым Нұржанов.

Сала өкілдерінің айтуынша, кластер – еліміздің минералдық-шикізат базасын жаңа деңгейге көтермек. Кешен аумағында геология тарихын танытатын мұражай да жұмыс істейді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 24 Қараша, 2025 07:30
Талқылау