Ұлытау облысында үш мың киіктің өлексесі табылған
Ұлытау облысында 3 мың киіктің өлексесі табылды. Әкімдіктің ресми жауабына сүйенсек, жануарлар “қыстағы суықтан, аштықтан” қырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ұлытау әкімдігі
Ұлытауда Кенгір су қоймасы маңындағы даладан мыңдаған өлексе табылды. Қазір оқиға орнында төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері мен жергілікті әкімдік өкілдері жұмыс істеп жатыр.
"Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Жезқазғанда 660-тан астам және Қаражалда 2342 ақбөкен өлексесі табылып, залалсыздандырылды", – деп хабарлады Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған іс-шаралар барысында Ұлытау облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, "Охотзоопром" мемлекеттік кәсіпорны инспекциясының, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ Жезқазған және Қаражал қалалары әкімдіктерінің өкілдері бірлесті. Олар өлексені мал қорымына жерлеген. Ол үшін Жезқазғанда алты бірлік арнайы техника, сондай-ақ Қаражал қаласында арнайы техника мен 11 топ жұмылдырылды.
"Өлекселер мамандандырылған мал қорымдарына шығарылады. Қалдықтар механикалық зақымдалған жоқ. Жағдай бойынша комиссия мүшелері тиісті хаттамалар жасап, қол қойды", – делінген хабарламада.
Қыста қырылған, қаңғыбас иттердің шабуылынан өлген киіктердің қалдықтарын жинау жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда тұрғындар тағы да демалыс базасының маңынан итбалықтар мен құстардың өлекселері табылғанын айтқан еді. Айтуларынша, бұл өлекселер былтыр күзден бері осы аумақта жатқан.