Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлытау облысында экс-әкім қол астындағы қызметкерді балаларының көзінше өлтірген: Күдіктіні прокуратура босатып жіберді

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының бұрынғы әкімі екі кішкентай баланың көзінше туған әкелерін өлімше етіп ұрып-соққан. Салдарынан оқиға орнында ер адам тіл тартпастан көз жұмды. Прокуратура күдіктіні түрмеден босату туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Патриот арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pnzreg.ru

Экс-әкімнің өзіне тиесілі ірі шаруа қожалығы бар. Оның туған ағасы – осы ауданның жол полициясының бұрынғы басшысы, ал жақын туыстарының бірі – судья (туыстық байланысы неке арқылы).

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шаруа қожалықтардың бірінде әлеуметтік жағдайы төмен Дмитрий Рябцев есімді ер адам, оның әйелі мен екі кішкентай баласы еңбек еткен. Отбасы еңбек шартынсыз жұмыс істеген, оларға әлеуметтік аударымдар жасалмаған. Ер адам күн сайын мал бағып, ауыр жұмыстар істейді. Әйелі мен балалары да сол қысқы қоныста еңбек еткен. Отбасының байланыс құралдарына қолы жетпей, өздерінің еңбек құқықтарын қорғауға қауқарсыз болып шықты.

Кейін Дмитрий Рябцев өзінің жұмыс берушісінен қашып құтылып, әйелі және балаларының қасында Жаңаарқа ауданындағы арзан қонақүйде тұрған.

Мұны естіген Жаңаарқа ауданының бұрынғы әкімі Сәкен Оспанов сол қонақүйге келеді. Оның Рябцевке нақты қандай мақсатпен келгені белгісіз. Алайда ол Рябцевті құлдық еңбектен құтқаруға немесе оны құттықтауға келгені екіталай еді.

Айта кетейік, экс-әкімнің өзі де үлкен шаруа қожалығының иесі болған. Сәкен Оспанов қонақүйге жалғыз келмей, жанында туған ағасы, Жаңаарқа ауданының жол полициясының бұрынғы басшысы да бірге келген. Ол Рябцевті далаға шақырып, қонақүйдің алдында сөзге келеді. Сөз барысында бұрынғы әкім Рябцевті ұрып-соғып, оның екі баласының көз алдында өлтірген. Рябцев оқиға орнында, балаларының қолында жан тапсырды.

Балалардың айтуынша, әкелерін ұрып-соққан – Сәкен есімді ер адам. Бұл мәлімет олардан алынған көрсетілімдерде тіркелген.

Сәкен Оспанов ұсталып, оған ҚК 106-бабының 3-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда адам өліміне әкеп соғу") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда бүгін белгілі болғандай Сәкен Оспанов қамаудан босатылған. Прокуратура оны гипертония (жоғары қан қысымы) диагнозы бар болғандықтан тергеу изоляторында ұстауға болмайды деп шешкен.

Изоляторда барлық қажет дәрі-дәрмектер мен құралдар бар медициналық бөлім жұмыс істейтіні белгілі. Сонымен қатар ондағы білікті медицина қызметкерлері айыпталушыларға медициналық көмек беруге міндеттелген. Бұл үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Ұлытау облысының прокурорлары Сәкен Оспановқа гипертонияны үй жағдайында емдеген қолайлырақ болады деп шешті.

Айта кетейік, Ұлытау облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының басшысы Нұрғұлан Әбдішев экс-әкімнің жерлесі, Жаңаарқадан шыққан. Қазан айынан бері Сәкен Оспановтың қатысуымен бірде-бір тергеу іс-қимылы жүргізілмеген. Басылымның дерегінше, экс-әкімнің қан қысымы соншалықты жиі көтерілгендіктен тергеуші екі ай бойы бұл міндетті тергеу әрекетін орындауға мұршасы болмаған. Ал бұрынғы әкімнің ағасы – іс бойынша куәгер ретінде танылды.

Сәкен Оспанов Жаңаарқа ауданының әкімі болып 2010 жылдың тамызында тағайындалған. Бірақ арада бір жыл өткен соң, 2011 жылдың 19 шілдесінде, ол Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкеріне 10 мың доллар көлемінде пара бергені үшін ұсталған. Тергеу нұсқасы бойынша аудан әкімі осы арқылы қызметін асыра пайдаланды деп айыпталған бір ауылдық округ әкіміне қатысты қылмыстық істің нәтижесіне ықпал етпек болған.

Осы ретте Оспановқа Қылмыстық кодекстің 312-бабы (Пара беру) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда істің немен аяқталғаны белгісіз. Әкім болып тағайындалғанға дейін ол Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған.



Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында танымал қазақстандық спортшы, әйелдер күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері Айша Уәлишанның отбасы 23 жастағы жігітті құлдықта ұстады деген күдікке ілінгенін жаздық. Мұқанның айтуынша, олар оны шаруа қожалығында жұмыс істеуге шақырып, кейін құжаттары мен телефонын тартып алып, тегін жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Мұқанға бірнеше рет күш қолданылып, ұрып-соғылған. Тіпті құлағын кесіп тастаған. Ол моншада тұрып, дұрыс тамақтанбаған. Қашып құтылғаннан кейін аудан орталығына жетіп, ағасының көмегімен үйіне оралған. СҚО полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Талқылау