Ұлытау облысында бір қаланың тұрғындары екі тәулік бойы жарықсыз отыр

Ұлытау облысының Қаражал қаласында тұрғындар екінші тәулік қатарынан жарықсыз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Электр энергиясының өшуі салдарынан қала халқы үйлерін жылыту үшін көліктің аккумуляторына қосылған генераторларды пайдалануға мәжбүр. Ал ондай мүмкіндігі жоқ тұрғындар бір бөлмеден шықпай, көрпе астында жылынуда.
Тұрғындардың айтуынша, кейбір үйлерде ауа температурасы 19 градусқа дейін төмендеген.
“Бүгін бізде градусникте 19 градус көрсетіп тұр. Екінші тәулік жарық жоқ. Жылы болсын деп көрпеге оранып жатырмыз. Бұл бөлмені де жауып қойдым, осылайша мұнда аздап болса да жылылау болып тұр”, – дейді қала тұрғыны.
Тұрғындар жарықтың ұзақ уақыт берілмеуі салдарынан жылу жүйелері істен шығуы мүмкін деп алаңдайды.
“17-сі күні таңғы 9:20-да бүкіл қалада жарық өшті. Адамдар тоңып отыр. Көп үйлерде қазандықтар бар, олар қайнап кетуі мүмкін. Егер жарық берілмесе, қазандықтар істен шығып, құбырлар қатып қалады. Оның шығынын кім өтейді?" – дейді қала тұрғыны Люба Тен.
Ал Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов жарықтың нақты қашан берілетінін дөп басып айта алмай отыр. Оның айтуынша, қаладағы электр желілерінің 85%-ы ескірген, ақаудың қай жерден шыққанын анықтау қиынға соғып жатыр.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда 385 тұтынушы жарықсыз отыр. Олардың қатарында 12 бизнес нысаны, 2 мектеп, Қазпошта, Мәдениет үйі және әкімдік ғимараты бар. Апатты қалпына келтіру жұмыстарына 8 маман мен 8 арнайы техника жұмылдырылған.
Тұрғындардың жылынуы үшін мектеп ғимаратында уақытша жылыну пункті ұйымдастырылған. Бұл туралы қала тұрғындарына хабарланған. Қазіргі уақытта мамандар электр желісіндегі ақауды анықтап, жарықты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Адамдар келсе айт, жылауға дайындалайық": Қазақстандықтар жаназа кезінде бастан кешірген жағымсыз жайттары туралы баяндады