Ұлытау облысында 90 жастағы кейуананың үйін өз немересі тартып алып, сатуға қойған

Ұлытау облысы Жаңаарқа кентінің 90 жастағы тұрғыны өзіне тиесілі жалғыз үйді сыйға тарту туралы келісімді жарамсыз деп тануды сұрап, апелляциялық сотқа жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Жаңаарқа аудандық соты әженің талабын қанағаттандырмаған. Бұл шешімге келіспеген талапкер енді Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасына шағым түсірді.
Әженің айтуынша, ол құжаттарға қол қойған кезде оның мәнін толық түсінбеген. Кейуана мұрагерлік құжаттарды рәсімдеп жатырмын деп ойлаған. Алайда іс жүзінде бұл құжат үйді басқа адамның атына рәсімдеуге арналған болып шықты.
Талапкердің жасы ұлғайған, денсаулығы нашар, тұрақты күтімді қажет етеді. Ол есту және көру қабілетінің бұзылуына байланысты дәрігерлердің бақылауында болған. Апелляциялық шағымда нотариусқа барған күні әже есту аппараты мен көзілдірігінсіз апарылғаны айтылған. Бұл оның құжаттың мазмұнын толық түсінуіне кедергі келтірген.
Пәтерін сатқан қазақстандық әйел үйінен шығудан бас тартқан: Сот оны жақтап шықты
Іс бойынша жауапкер – әженің немересі. Талапкердің сөзінше, немересі әжесін "мұрагерлікті рәсімдейміз" деп сендіріп, құжаттарға қол қойдырған. Ол әжесіне қарайтынын айтып, үйге көшіп келуге уәде берген. Алайда үй немересінің атына рәсімделгеннен кейін, ол әжесін үйден шығарып жібермек болған. Тіпті үйді сатылымға шығарған.
Әженің қорғаушыларының сөзінше, бірінші сатыдағы сот істің мән-жайын толық зерттемеген. Олар сот мәміленің қалай жасалғанын, қарт адамның денсаулық жағдайын және құжаттарға саналы түрде қол қойған-қоймағанын ескермеген дейді.
Қазір апелляциялық соттан бірінші сатыдағы шешімді жойып, сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану және үйді қайтадан әженің меншігіне қайтару сұралып отыр.
Іс Ұлытау облыстық сотында қаралып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қайтыс болған зейнеткерлердің пәтерін жалға алушылар өз атына рәсімдеп алмақ болғаны туралы жазған едік.