Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Канаданың шағын қаласында мектепте атыс болып 10 адам қаза тапты

Фото: cbc.ca

Британдық Колумбия провинциясында Тамблер-Ридж деген шағын қалада қарулы адам мектепте атыс шығарып, 10 адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі cbc.ca порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға 10 ақпан күні болған. Қаза тапқандардың ата-аналары, отбасылары мен жақындары ауыр қайғыны бастан кешіп жатқанын алға тартты. Бас прокурор Нина Кригердің айтуынша, Канаданың корольдік полициясы (RCMP) шақырту түскеннен кейін екі минут ішінде оқиға орнына жеткен. Дәл осы жедел әрекет кейбір адамдардың өмірін сақтап қалған.

Британдық Колумбия премьері Дэвид Эби федералдық премьер Марк Карнимен және корольдік полиция басшылығымен сөйлескенін айтты. 

Премьердің болжамынша, мектепте он адам қаза тапқан. Олардың ішінде күдікті атыс жасаған адам да бар. Полицияның мәліметінше, ол өз-өзіне оқ атып, көз жұмған. Тағы екі адамның мәйіті басқа жерден табылған.

"Бұл оқиға талай жыл бойы ел жадында сақталады", – деді ол.

Оқиғадан соң Ванкуверде Дэвид Эби мен бас прокурор Нина Кригер баспасөз мәслихатын өткізді. Эби бұл қайғылы жаңалық әр ата-анаға балаларын құшақтағысы келетіндей әсер ететінін айтты.

Федералдық премьер Марк Карни де мәлімдеме жасап, Тамблер-Ридждегі атысқа байланысты қатты күйзелгенін жеткізді. Ол қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтып, адамдарды құтқару үшін өмірін қатерге тіккен мамандарға алғыс білдірді. Карнидің сөзінше, осындай қиын сәттерде канадалықтардың бір-біріне қолдау көрсетіп, біріге білуі елдің ең мықты қасиеті.



Тамблер-Ридж мэрі Даррил Краковка да тұрғындарды бір-біріне тірек болуға шақырды. Ол бұл қалада 19 жылдан бері тұратынын және шағын қауым болғандықтан, қаза тапқандардың бәрін жеке танитынын айтты.

"Мен оларды жай тұрғын емес, отбасымыз деп санаймын", – деді ол.

Бұл оқиға – Канада тарихындағы мектепте болған ең ауыр қанды шабуылдардың бірі. Ең ірі трагедия 1989 жылы Монреальда болып, 14 адам қаза тапқан. 2016 жылы Саскачевандағы Ла-Лош елді мекенінде де мектепке байланысты атыста бес адам көз жұмған.

Сарапшылар Канадада мұндай оқиғалардың сирек болуын елдегі қару туралы заңдардың қатаңдығымен байланыстырады.

Аймақтың депутаты Боб Циммер де қалаға барып, тұрғындармен кездесетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдайға дайын болу мүмкін емес. Бірақ ең бастысы адамдардың жанында болып, қолдау көрсету. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 11:03